Мемлекет басшысы күйші Әбдімомын Желдібаевтың туыстарына көңіл айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәулескер күйші, композитор, «Парасат», «Құрмет», «Достық» ордендерінің иегері Әбдімомын Желдібайұлының дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
— Әбдімомын Желдібайұлы киелі күй өнерінің көкжиегін кеңейткен дарын иесі, ұлағатты ұстаз болды. Бар саналы ғұмырын төл мұрамызды насихаттауға арнап, еліміздің мәдениеті мен руханиятын дамытуға айрықша еңбек сіңірді. «Ерке сылқым» сияқты өміршең күйлерімен жұртшылықтың ықыласына бөленді. Өнегелі өмір сүріп, соңына музыкалық мол мұра қалдырған Әбдімомын Желдібайұлының жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, — деп жазылған жеделхатта.
Айта кетейік, белгілі күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, көпшілікке өзі шығарған «Ерке сылқым» күйімен кең танылған Әбдімомын Желдібаев 90 жасқа қараған шағында дүниеден озғанын жазған едік.