Мемлекет басшысы: Мәдениет саласын қолдау — мемлекеттің конституциялық міндеті
АСТАНА. KAZINFORM — Конституцияда ұлтымыздың мүддесі, мақсат-мұраты мен арман-тілегі айқын көрініс тапты. Бұл туралы Ақордада мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
— Наурыз айында бәріміз бір ел, бір халық болып, конституциялық реформаға бірауыздан қолдау көрсеттік. Ортақ іске мәдениет саласының мамандары мен өнер қайраткердері де белсене атсалысты. Саяси науқан кезінде халқымыз еліміздің жарқын болашағына үлкен сеніммен қарап, тарихи таңдауын жасады. Осылайша, жаңа Конституциямыз тұғырына қонды. Расында бұл Қазақстанның келешегін айқындайтын маңызды шешім болғаны анық. Ата заң — ел тәуелсіздігі мен мемлекеттігінің мызғымас кепілі, халқымыз жүріп келе жатқан жолдың басты темірқазығы, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Конституцияда ұлтымыздың мүддесі, мақсат-мұраты мен арман-тілегі айқын көрініс тапты.
— Ата заңға сәйкес, еліміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау бұлжымас қағидат саналады. Конституцияда тарихи-мәдени мұрамызды сақтау мәселесіне де баса назар аударылды. Енді мәдениет саласын қолдау — мемлекеттің конституциялық міндеті. Қазір бағытта ауқымды шаруа жасалып жатыр, — деді Мемлекет басшысы.