Мемлекет басшысы мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінің толық мәтіні

АСТАНА. KAZINFORM — Президент мәдениет және өнер саласы мамандарына алғыс білдірді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Президент мәдениет және өнер саласы мамандарына алғыс білдірді
Фото: Ақорда

Президент, ең алдымен, салтанатты іс-шараға қатысушыларды Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтады.

– Бұл – еліміз үшін мән-маңызы айрықша мереке. Мәдениет – халқымыздың ұлттық болмысы мен рухани дербестігінің арқауы екенін бәріміз жақсы білеміз. Мәдени және рухани дүниесін сақтай білген елдің мәртебесі биік, мерейі үстем болары айқын. Сіздер осы игі мақсат жолында табанды жұмыс істеп келесіздер. Қоғамымыз бұл еңбекті жоғары бағалайды. Бүгін мен кәсіби мереке күні еліміздегі барша мәдениет және өнер саласы мамандарына шынайы алғысымды білдіремін! Қазақ – өнердің киесін ұғатын, өнерпаздың қадірін білетін жұрт. Біз ерекше дарын иелеріне әрдайым лайықты құрмет көрсетеміз. Жұртымыз «Өнердің өрісі кең» деп сіздерді қашанда қадірлеген. Міне, бүгінгі жиын да соның бір көрінісі. Шын мәнінде, руханияты бай елдің ойы озық, болашағы жарқын болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мәдениет және өнер саласы мамандарына алғыс білдірді
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы қазір Қазақстанда ауқымды өзгерістер болып жатқанын айтты.

– Бұл жай ғана өзгерістер емес: еліміздің болашағына тікелей қатысы бар, мағынасы ауқымды, терең, кешенді, жүйелі реформалар жасалуда. Мақсатымыз – Отанымызды күшті, озық мемлекет ретінде дамыту, сондай-ақ, дарынды, отаншыл, жігерлі және көзі ашық, көкірегі ояу жастардың өмір жолын ашып беру. Наурыз айында бәріміз бір ел, бір халық болып конституциялық реформаға бірауыздан қолдау көрсеттік. Ортақ іске мәдениет саласының мамандары мен өнер қайраткерлері де белсене атсалысты. Саяси науқан кезінде халқымыз еліміздің жарқын болашағына үлкен сеніммен қарап, тарихи таңдауын жасады. Осылайша, жаңа Конституциямыз тұғырына қонды. Расында, бұл Қазақстанның келешегін айқындайтын маңызды шешім болғаны анық. Ата заң – ел тәуелсіздігі мен мемлекеттігінің мызғымас кепілі, халқымыз жүріп келе жатқан жолдың басты темірқазығы. Конституцияда ұлтымыздың мүддесі, мақсат-мұраты мен арман-тілегі айқын көрініс тапты. Ата заңға сәйкес еліміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау бұлжымас қағидат саналады, – деді Президент.

Президент мәдениет және өнер саласы мамандарына алғыс білдірді
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияда тарихи-мәдени мұрамызды сақтау мәселесіне де баса назар аударылғанын жеткізді.

– Енді мәдениет саласын қолдау – мемлекеттің конституциялық міндеті. Қазір бұл бағытта ауқымды шаруа жасалып жатыр. Мен Мемлекет басшысы ретінде ұлт руханиятына адал қызмет етіп жүрген мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше мән беріп отырмын. Мәселен, соңғы бес жылда олардың жалақысы екі есе ұлғайды. Биылдан бастап өнерпаздарға берілетін мемлекеттік стипендия көлемі екі есе өседі. Тек былтырдың өзінде елімізде 61 мәдениет нысаны салынды. 250-ден астам мекемеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы Президент Жарлығымен үш бірдей мұражайға «Ұлттық» мәртебе берілді. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады. Меніңше, Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрына және Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияға «Ұлттық» мәртебе берілсе, орынды болар еді. Сондай-ақ Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрына «Академиялық» мәртебе беру керек деп есептеймін. Аталған өнер ұжымдары тұтас еліміздің рухани мұрасын байытуға өлшеусіз үлес қосып келеді, – деді Президент.

Президент мәдениет және өнер саласы мамандарына алғыс білдірді
Фото: Ақорда

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы дәстүрлі өнерді, әсіресе, жыр, терме, күй өнерін дамытуға ерекше мән беру қажет деп санайды.

– Төл өркениетіміздің осындай теңдессіз қазыналарын дәріптеп жүрген өнер адамдарына қолдау көрсету маңызды. Осы орайда, мен «Асыл мұра» ұлттық сыйлығын тағайындау туралы шешім қабылдайтын болдым. Бұл марапат дәстүрлі өнер өкілдерін қолдауға, олардың шығармашылығын насихаттауға, ұлттық өнердің беделін арттыруға ықпал етеді. Осы жоғары дәрежелі сыйлықпен тиісті министрліктің ұсынысы бойынша Мемлекет басшысының Жарлығымен лайықты өнер және мәдениет қайраткерлері марапатталады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мәдениет және өнер саласы мамандарына алғыс білдірді
Фото: Ақорда

Президенттің айтуынша, мәдениет пен өнер саласы ел өмірінің ажырамас бөлігі ретінде әрдайым мемлекет назарында болады.

– Еліміздің төл мәдениеті дүние жүзіне лайықты деңгейде танылып келеді. Халқымыз жақсы көретін әйгілі музыканттар, әншілер, актерлер, суретшілер, бишілер, креативті индустрия өкілдері және басқа да өнер шеберлері қазіргі қазақ руханиятының жарқын бет-бейнесіне айналды. Қазақстанның шетелде кеңінен танылған медиа жобасы – Silk Way Star халықаралық ән байқауы. Бұл – заманауи мәдени дипломатияның бір үлгісі. Еліміз халықаралық ұйымдармен ықпалдастықты айтарлықтай күшейтті. Ірі мәдени-ағарту жобалары белсенді түрде қолға алынып, ғылыми бастамалар көтерілуде. Бұл сан қырлы қазақ мәдениетін насихаттау бағытындағы дұрыс әрі қажетті іс. Бүгінгі кездесуіміз маңызды күннің қарсаңында өтуде. Мұның символдық мәні зор. 1992 жылы 22 мамырда Қазақстан ЮНЕСКО-ның толық мүшесі атанды. Айтпақшы, осыдан 34 жыл бұрын, дәл сол күні министрдің орынбасары ретінде аталған беделді халықаралық ұйымның Париждегі штаб-пәтеріне барып, ЮНЕСКО-ның сол кездегі Бас директоры Федерико Майормен бірге осы тарихи уақиғаға қатысты құжатқа қол қойған едім. Содан бері еліміздің жиырмаға жуық материалдық және материалдық емес мұрасы, соның ішінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО тізбелеріне енді. Бұл тізім алдағы уақытта ұлғая түседі. ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссия мен тиісті министрліктерге осындай міндет жүктелді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мәдениет және өнер саласы мамандарына алғыс білдірді
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев кеше ғана Астанада Алтын Орда рөлін адамзат жылнамасының бірегей тарихи, мәдениет және өркениет жобасы ретінде ғылыми тұрғыдан объективті зерделеуге арналған халықаралық симпозиум өткенін еске салып, аталған шараның мән-маңызына тоқталды.

– Мен шағын баяндамамда өз көзқарасымды жеткіздім. Оны білікті тарихшылар мен мәдениеттанушылардың, құқықтанушылардың Еуразия кеңістігіндегі тарихи үдерістердің түрлі аспектісіне қатысты кәсіби талқысына салуға болады деп ойлаймын. Алайда бұл ақпаратты бұра тартатын сауатсыздарға қол емес. Маусым айының алғашқы онкүндігінде III Архившілер конгресі өтеді. Биылғы басқосу жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде тарихи-мәдени және деректі мұраны сақтау мәселесіне арналады. Біз – мәдениетіміз әралуан, бауырмал әрі кеңпейіл халықпыз. Еуразия кеңістігінде маңызды орын алатын және аталған субконтинентте жан-жақты қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға атсалысып жатқан прогрессивті, бейбітсүйгіш ел ретінде Қазақстанның халықаралық беделін арттыру үшін осы мәдени ерекшелікті жан-жақты дәріптеудің мәні зор. Сонымен қатар жастарымызды жаңа геосаяси және геоэкономикалық жағдайдағы қатаң, тіпті, қатігез бәсекелес ортада барынша табысқа жетуге қазірден бастап даярлауымыз керек. Бұл – біздің басты міндетіміз, – деді Президент.

Президент мәдениет және өнер саласы мамандарына алғыс білдірді
Фото: Ақорда

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қоғамдық сананы жаңғырту жөнінде пайымымен бөлісті.

– Біз ойы озық, өркениетті ел боламыз десек, ең алдымен қоғамдағы кез келген мәдениетсіз әрекетке, жабайы жүріс-тұрыс пен тұрпайы тағылыққа, яғни, вандализмге түбегейлі тосқауыл қоюымыз керек. Өкінішке қарай, соңғы уақытта тарихи және мәдени нысандарға қасақана зиян келтіру жағдайлары жиілеп кетті. Мысалы, жақында ғана Маңғыстау облысының Ыбықты сай шатқалында болған оқиға бойынша тиісті өкілетті органдар қатаң құқықтық қорытынды шығаруы керек. Біз тұтас қоғам болып осындай заңсыз әрекеттерге үзілді-кесілді қарсы тұруымыз қажет. Заңды құрметтеу, табиғатты аялау, жауапкершілік, жасампаз патриотизм қағидаттары қоғамдық санада түбегейлі орнығуға тиіс. Бұл қасиеттер азаматтарымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың дүниетанымы кең, мінез-құлқы дұрыс адам ретінде қалыптасуына негіз болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мәдениет және өнер саласы мамандарына алғыс білдірді
Фото: Ақорда

Президент қоғамда кітап оқу мәдениетін насихаттау туралы ой қозғап, мемлекеттің осы бағытта қолға алған бастамалары жөнінде айтты.

– Кітап оқу өркениетті қоғам құрып, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы деп айтсақ, артық болмайды. Сондықтан біз ел ішінде, әсіресе, жастар арасында кітап оқу мәдениетін кеңінен дәріптеуіміз керек. Мен өткен аптада Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы арнайы Жарлыққа қол қойдым. Осы маңызды құжаттың негізгі мақсаты – ұлт сапасын арттыру, яғни, адам капиталын дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту. Үкіметке осы бағыттар бойынша нақты шараларды іске асыруды, соның ішінде кітапхана және кітап шығару ісін заң тұрғысынан қамтамасыз етуді тапсырамын. Сонымен қатар «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы бекітіледі, «Жылдың он оқырманы» республикалық жобасы өткізілетін болады. Баршаға қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасы іске қосылады. Басқа да тың бастамалар жүзеге асырылады. Бұл жұмысқа тұтас қоғаммен бірге мәдениет саласының қызметкерлері, әсіресе, кітапханашылар, баспагерлер белсене атсалысады деп ойлаймын. Сонымен бірге мен жақында еліміздің орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Меніңше, бұл – шын мәнінде аса өзекті және қажетті қадам. Қазіргі технология дәуірінің қарқыны өте жылдам. Сондықтан мұндай маңызды шешімді дер кезінде қабылдамасақ, жастарымыз дамудың даңғыл жолына түсе алмай, артта қалып қоюы мүмкін. Ал бұл мемлекетіміздің келешегі үшін аса қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Біз, әрине, ондайға жол бермейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мәдениет және өнер саласы мамандарына алғыс білдірді
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы алдымызда Әділетті, Таза, Мәдениетті, Өркениетті, түптеп келгенде, Озық ойлы Қазақстанды құру міндеті тұрғанын еске салды.

– Біз мұның аса жауапты әрі өте күрделі міндет екенін жақсы түсінеміз. Халқымыз «Әрекет түбі – берекет» деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, озық және нағыз дамыған ел боламыз десек, ең алдымен, қоғамда жаңа мәдениет қалыптастыруымыз қажет. Еңбекқорлық, білімпаздық, жасампаздық, жанашырлық, отаншылдық қасиеттерін өскелең ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек. Мұның бәрін күнделікті қажырлы еңбекпен, нақты іспен көрсетуіміз қажет. Заң мен тәртіп қағидаты мәдениеті жоғары қоғамда ғана берік орнығады. Бұл – ақиқат. Осы маңызды жұмысқа Сіздер де елеулі үлес қосып жүрсіздер, болашақта да солай болады деп сенемін, – деді Президент.

Президент мәдениет және өнер саласы мамандарына алғыс білдірді
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, бүгін төл мәдениетіміздің өрісін кеңейтіп, халқымыздың рухани дүниетанымын байыту жолында жемісті еңбек етіп жүрген бір топ азаматты жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

– Қазір біздің ортамызда белгілі әнші әрі домбырашы Татьяна Николаевна Бурмистрова отыр. Ол жарты ғасырға жуық уақыт бойы қазақтың дәстүрлі өнерін белсенді түрде кеңінен дәріптеп, жас дарындарға үлгі-өнеге көрсетіп жүр. Бүгін мен Татьяна Бурмистроваға ең жоғары «Отан» орденін беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Сонымен қатар бүгін жезтаңдай әнші, халқымыз, әсіресе, әйелдер қауымы жақсы көретін өнер иесі, Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісоваға екінші дәрежелі «Барыс» орденін тапсырамын. Михаил Лермонтов атындағы ұлттық орыс драма театрының актрисасы Марина Юрьевна Ганцева III дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталады. Ол Қазақстан мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосты. Таланты мен көпжылдық еңбегінің арқасында театр өнерін бағалайтын көрерменнің ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөленді. Кәсіби мереке күні мәдениетіміздің дамуына зор еңбек сіңірген бірнеше өнер қайраткеріне «Қазақстанның халық әртісі» атағы беріледі. Жалпы, биыл елімізде 120 мәдениет және өнер қызметкері мемлекеттік марапатқа ие болады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мәдениет және өнер саласы мамандарына алғыс білдірді
Фото: Ақорда

Президент төл мәдениетіміз түркі өркениетінің ажырамас бөлігі саналатынын жеткізді.

– Мен биыл Ұлыстың ұлы күнінде киелі Түркістан жерінде мемлекеттік наградалар қатарына Qoja Ahmet Yasaui орденін енгізу туралы маңызды бастама көтердім. Бұл марапат Қазақстанның дамуына айрықша еңбек сіңірген еліміздің және шетелдің белгілі ғалымдарына, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне берілетін болды. Осы жоғары марапатты өткен аптада бірінші болып Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға және осыдан екі күн бұрын ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры Одрэ Азуле ханымға табыстадым. Азуле ханым кезінде Қазақстан мен ЮНЕСКО-ның ынтымақтастығын нығайтуға зор еңбек сіңірді, әсіресе, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қатысты жұмысқа белсене атсалысты. Мұны ерекше атап өткім келеді. Сондықтан біз түркі бірлігін нығайтуға, ұлт мәдениетін дәріптеуге мол үлес қосқан шетелдік әріптестеріміздің еңбегін әрдайым жоғары бағалаймыз. Сонымен қатар бүгін мен ұлт өнеріне елеулі үлес қосып жүрген бірнеше азаматқа пәтер кілтін табыстаймын. 2024 жылдан бастап осы күнге дейін мәдениет және өнер қайраткерлеріне жалпы саны 200 пәтер берілді. Бұл игі үрдіс міндетті түрде өз жалғасын табады. Баршаңызға құтты болсын! Төл өнеріміз өркендей берсін! Ұлт мәдениетінің мәртебесі әрдайым биік болсын! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Жарлығымен мәдениет саласындағы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ азаматқа мемлекеттік награда табысталды.

Марапаттау рәсімінде белгілі әнші Татьяна Бурмистрова, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының әртісі Бахтияр Қожа, түркиялық ғалым Кюршад Зорлу сөз сөйледі.