Мемлекет басшысы: Синтетикалық есірткінің заңсыз айналымы алаңдаушылық туғызып отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы екінші «Орталық Азия – Ресей» саммитінде Жасанды интеллектіні қолдана отырып, киберқорғауды қамтамасыз ету және киберқылмысқа қарсы тұру мәселелері бойынша шаралар қабылдаудың өзектілігіне тоқталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы: Синтетикалық есірткінің заңсыз айналымы алаңдаушылық туғызып отыр
Фото: Ақорда

Президенттің пікірінше, қауіпсіздікті қамтамасыз ету – маңызды мәселенің бірі. Қазір халықаралық жағдай күрделі әрі сәт сайын құбылып тұр.

– Өзара құрмет пен сенімге негізделген ынтымақтастығымызды жалғастыру барлық сын-қатерді еңсеруге мүмкіндік береді. Қазақстан үшін терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру маңызды міндет саналады. Есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің заңсыз айналымы алаңдаушылық туғызып отыр. Аталған қатердің алдын алу үшін құзыретті органдар бірлескен әрекетке көшіп, арнаулы мемлекетаралық құрылымдар, нақты айтқанда, Орта Азияның өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы, ШЫҰ Есірткіге қарсы орталығы және тағы басқалары қолдауды күшейте түсуі керек. Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының бірлескен жұмысын «Орталық Азия – Ресей» форматында жалғастыру қажет деп санаймын. Жасанды интеллектіні қолдана отырып, киберқорғауды қамтамасыз ету және киберқылмысқа қарсы тұру мәселелері бойынша шаралар қабылдау маңызды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қасым-Жомарт Тоқаев екінші «Орталық Азия – Ресей» саммитіне қатысып, бірқатар өзекті мәселені атап өтті.  

Соңғы жаңалықтар