Мемлекет басшысы Түрікменстанның Сыртқы істер министрі Рашид Мередовті қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Президенті Астанаға ресми сапармен келген Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Рашид Мередовті қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы Түрікменстанның Сыртқы істер министрі Рашид Мередовті қабылдады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы түрікмен дипломатына ілтипат білдіре отырып, достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік рухында нығайып келе жатқан қазақ-түрікмен қатынастарының қазіргі жай-күйіне оң баға берді.


– Біз Түрікменстанды сенімді стратегиялық серіктес және тарихи тұрғыдан туыс мемлекет ретінде қарастырамыз. Шын мәнінде, соңғы жылдары елдеріміз арасындағы ынтымақтастық қарыштап дамып, соның ішінде экономиканың стратегиялық салалары тың қарқын алды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдалана отырып, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов пен Түрікмен халқының ұлттық көшбасшысы, Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовке ізгі тілегін жолдады. 

Президент
Фото: Ақорда

Рашид Мередов дәстүрлі түрде құрмет көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, мемлекетаралық байланыстардың барлық бағыты бойынша Астанамен арадағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге Ашхабадтың бейілді екенін растады. 

Президент
Фото: Ақорда

Кездесуде сауда-экономика, энергетика және көлік-логистика салаларындағы ірі жобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды. Сондай-ақ аталған жобаларды толықтай іске асыру маңызды екені атап өтіліп, бұл бауырлас мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарға жаңа сипат беретіні жайында айтылды.

Жылдан-жылға тың мазмұнмен байып келе жатқан мәдени-гуманитарлық саладағы ықпалдастыққа баса мән берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Рашид Мередов өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, жоғары деңгейдегі байланыстардың алдағы кестесін қарастырды.