Мемлекет басшысы әкімдерге азық-түлік бағасының қымбаттауына жол бермеуді тапсырды

«Үкімет ірі отандық кәсіпорындармен бірлесе отырып, өндірісті қолдап, ұлғайтып, жұмыс орындарын сақтау бойынша дағдарысқа қарсы мақсатты жоспарды әзірлейді. Мемлекет басшысы жергілікті тауарлар мен жұмыс күшін тарту арқылы инфрақұрылымдық, әлеуметтік нысандарды, жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуді көздейтін Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыруға 300 млрд теңге бөлуді тапсырды», - делінген Ақорданың ресми сайтында.
Сонымен қатар қаржылық нарықты реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк қазақстандық бизнесті несиелеуді азайтуға жол бермеуге міндеттелді. Ал өңір әкімдеріне азық-түлік бағасының қымбаттауына жол бермеу тапсырылды.
Еске сала кетсек бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен жедел әрекет ету штабының отырысы өткізілді. Отырыста Мемлекет басшысы баласымен үйде отыруға мәжбүр ата-аналарды ақы төленетін еңбек демалысына жіберуді тапсырды.
Сонымен қатар Президент лауазым иелері мен мемқызметшілерге шетелге іссапарға шығуға тыйым салды.