Мемлекет басшысы Ақтауда коммуналды және көтерме базарлар салуды тапсырды
Президент инфляция деңгейінің жоғары екенін және азық-түлік тауарларының бағасы тез қымбаттап жара жатқанын келесі бір маңызды мәселе ретінде атап өтіп, аталған проблеманы шешу қажеттігін айтты.
«Азық-түліктің 80 пайызға жуығы импортталады. Осы ретте, 50 мың тонна көкөніс сыятын қоймалардың тапшылығы байқалады. Бұл еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш. Аталған мәселені маңыздылығына қарай шешу қажет. Ол үшін тиісті механизмдер бар. Осыған қатысты Үкімет Көкөніс қоймаларының құрылысы жөніндегі жол картасын әзірледі. Азық-түлік бағасының қымбаттауын тоқтату үшін ауыл шаруашылығы өнімдеріне толық қолжетімді әрі ретке келтірілген сауда алаңдарын ашу керек. Әкімдікке Ақтау қаласында коммуналды және көтерме базарларды салуды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент банкрот жағдайында тұрған Бейнеу астық терминалының жұмысын қайта қалпына келтіру қажеттігін жеткізді. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл өңірді ұнмен және жеммен толық қамтамасыз етіп, 200 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Осы міндеттерді шешу үшін Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкімдігі мен Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияға азық-түлік тауарларының бағасын төмендету, сауда инфрақұрылымын дамыту шараларын қабылдауды, өзге аймақтардың өндірушілерімен ұзақмерзімді шарттар жасауды тапсырды.