Мемлекет басшысы әлеуметтік салаға ерекше назар аударуды тапсырды
Елбасының айтуынша, индустриялық-инновациялық жобалардың толыққанды жүзеге асуы үшін оларды тыңғылықты іріктеу керек. Өйткені өткен жылы осындай проблемалардың салдарынан 7 жоба алынып тасталып, 15 жобаның іске қосылу мерзімі кейінге шегерілген болатын.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы бағаның негізсіз өсуіне, әсіресе азық-түлік бағасының шарықтауына жол бермеу қажеттігін баса айтты. Осы орайда ауыл шаруашылығы тауараларын өндіруді, сақтауды үнемі жандандырып отыруға баса назар аудару қажеттігіне назар аудартты. Облыс орталықтары аумағында Астананы үлгі ретінде ала отырып, азық-түлік белдеулерін құру жұмыстарын жандандыру қажет атап өтті.
Көктемгі егіс науқанын сапалы жүргізу қажеттігін де назардан тыс қалдырмаған Елбасының атап өтуінше, қазіргі уақытта оңтүстік бұл жұмыстарға кірісіп кеткен. Барлық ресурс бөлінген. Техникалық дайындығы өткен жылға қарағанда жоғары. Ақша, несие, субсидия бар.
Әлеуметтік салаға ерекше назар аудару қажеттігін айта келе Н.Назарбаев: «Бірқатар өңірлерде тіркелген жұмыссыздар саны орташа республикалық деңгейден асып кеткен. Мен сіздерді сандармен бастарыңызды ауыртпай-ақ қояйын. Өздеріңіз мән-жайды қараңыздар. Сонымен қатар білікті жұмыс күші барлық жерде, құрылыста, зауытта жетіспейді. Демек шын мәнінде жұмыс бар, маман жоқ», - деді.