Мемлекет басшысы «Анаға апарар жол» тарихи драмасының алдын ала көрсетілімін тамашалады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алғыс айту күніне арналған «Анаға апарар жол» тарихи драмасының алдын ала көрсетіліміне қатысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Режиссер А.Сатаевтың картинасының сюжеттік желісіне фильм кейіпкерінің басына түскен сынақтардан өтуіне көмектесетін ана махаббатының күші туралы оқиға өзек болған.
Фильм 1930 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі уақыт аралығын қамтиды. Негізгі оқиғалар қазақ халқы үшін қиын кезеңде - ұжымдастыру, жұт, соғыс жылдары және одан кейінгі кезеңде өрбиді.
Тарихи драма Қазақстанда, Беларусьте және Әзірбайжанда түсірілген. Жалпы, картина түсіріліміне 2 мыңнан астам адам қатысқан.