Мемлекет басшысы астықты үш өңірдің диқандарына «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын табыстады
«Біздің форум ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында өтіп отыр. Сіздер өздеріңіздің кәсіби мерекелеріңізді Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында жоғары рекордпен қарсы алып отырсыздар. Аграрлық сектордың 200-ден астам қызметкері осы жылдың жеңісі, біздің республикамыздың игілігі үшін атқарған көпжылғы еңбектері ескеріле отырып, еліміздің орден, медальдарымен марапатталады», - деді Елбасы.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қостанай облысынан Валентин Двуреченскийга, Ақмола облысынан Әділхан Кенжебаевқа, Солтүстік Қазақстан облысынан Руслан Молдабековке «Қазақстанның Еңбек Ері» наградасын табыс етті.
«Барлығы жақсы жұмыс істеді. Осы облыстардың әкімдеріне ұйымдастырушылық жұмыстары үшін алғысымды білдіремін. Әрине, еліміздің басқа облыстарының да үлесі бар. Бұл бүкіл Қазақстанның ауқымды жеңісі», - деді Елбасы.