Мемлекет басшысы: Азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі сотқа прокурордың қатынасуы азаяды
ҚР Президентінің атап өтуінше, жаңа Азаматтық процестік кодексте көптеген маңызды өзгерістер бар. Оны ақпарат құралдарына жариялаған кезде халық оқып, түсінетін болады. «Мәселен, азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі сотқа прокурордың қатынасуы азаяды. Іс жүргізудің жеңілдетілген түрі кеңінен қолданылатын болады. Соттардың қарауындағы істер оңтайландырылады. Бұл жаңа кодекс нормаларының барлығы соттың қорғауының тиімділігін арттыруға бағытталған», - деді Елбасы. ҚР Президенті жаңа кодекске қол қойғаннан кейін жақын арада оның елге тигізер пайдасын көре бастайтындығымызды баса айтты. «Мұнан ары қарай да толып жатқан заңдар бар. Олардың барлығын өздеріңіз білесіздер. Шығып жатқан заңдар бізге өте қажет. Ауыл шаруашылығындағы кооперативтік жүйені іске қосу мәселесі, шағын және орта бизнесті қолдау мәселесі, тағы-тағы да «100 нақты қадамда» көрсетілген заңнамаларды қол қойып, шығаратын боламыз. Елге қызмет істейтін боламыз», - деді Н.Назарбаев.