Мемлекет басшысы болғысы келетін адам елге үлгі болуы керек– Б.Мелдешов
АНА. 15 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгінде қазақстандықтардың басты назары 3 сәуірге белгіленген кезектен тыс Президенттік сайлауға ауып отыр. Бұл ірі саяси науқанға қатысып, бағын сынауды жөн көріп отырған азаматтардың қатары біртіндеп артып келеді.
Осы орайда біз Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешовке жолығып сайлау жайында, үміткерлер туралы сұрап-білген едік.
- Бақыт Сәрсенбайұлы! Бүгінгі күнге дейін кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысуға қанша адам өтініш білдірді?
- Осы уақытта 3 сәуірге белгіленген кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысу үшін Орталық сайлау комиссиясына 11 адам өтініш түсірді. Олардың бірқатарын қалың көпшілік ақпарат құралдары арқылы көріп-біліп отыр. Сонда да сөзім нақты болуы үшін олардың аты-жөндеріне жеке-жеке тоқталып өтейін. Мемлекет басшысының лауазымына кандидат болғысы келетінін білдіріп, өзін-өзі ұсыну жолымен ОСК-ға бірінші болып заңгер Сәлім Өтен деген азамат өтініш түсірді. Ол лингвистикалық комиссияның сынынан сәтті өтіп, қазір қол жинаумен айналысуда. Екінші болып өтініш берген азамат «Кенесары хан» қоғамдық қорының президенті Уәлихан Қайсаров. Баршаға мәлім, лингвистикалық комиссияға мемлекеттік тілден емтихан тапсыра алмағандықтан, ОСК кеше У.Қайсаровты Президенттікке үміткер ретінде тіркеуден бас тарту туралы қаулы қабылдады. Үшінші болып өтініш жазған үміткер Мұсағали Дуамбеков мемлекеттік тілден емтиханды жақсы тапсырды, қазір ол өзін жақтаушылардың қолдарын жинауда. «Аттан, Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбек сайлауға қатысуға өтініш білдіргенімен, белгіленген уақытта лингвистикалық комиссияның отырысына келмеді. Бұдан кейін, «Нұр Отан» партиясы Президенттікке кандидат ретінде ұсынған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өтініші берді. Президент мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін лингвистикалық комиссия алдында дәлелдеді, қазір қол жинауда. Алтыншы болып Президенттікке үміткер ретінде ОСК-ға Астана қаласының тұрғыны, уақытша жұмыссыз Қанат Есжанов өтініш берді. Оның ізін ала «Нұр Ислам» туристік фирмасының директоры, Алматы облысының тұрғыны Қанат Турагелдиев құжаттарын тапсырды. Сондай-ақ бүгін ОСК-ға Мемлекет басшысы лауазымынан үміткер болғысы келетін бірқатар азаматтар өтініш берді. Олар: павлодарлық зейнеткер Зауре Масина, Қазақстанның халықтық коммунистік партиясының хатшысы Жамбыл Ахметбеков, Павлодар облысының 55 жастағы тұрғыны, уақытша жұмыссыз Нұрсила Советқазы Күсетайұлы және «Бастион-Аст» күзет агенттігі» ЖШС-де күзетші болып істейтін 48 жастағы Толыбай Баймурзин.
Осылайша осы уақытқа дейін Президенттіктен үміткерлер ретінде өтініш берген азаматтардың саны 11 адамды құрап отыр. Олардың екеуі, атап айтқанда қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның Коммунистік Халықтық партиясының хатшысы Жамбыл Ахметбеков саяси партиялардың атынан сайлауға түспек ниетте. Ал қалған үміткерлер өздерін өздері ұсынғандар. Бұлардың ішіндегі бір үміткер, яғни Уәлихан Қайсаров жоғарыда атап өткен себеппен сайлаудан шеттетілді. Дегенмен ол Жоғарғы сотқа шағымданып отыр. Қазір біздер Жоғарғы соттың шешімін күтіп отырмыз. Ендігі әңгіме Жоғарғы соттың шешіміне байланысты.
- Лингвистикалық комиссияның сынынан өткен үміткерлерді толғандыратын ендігі мәселе - қол жинау парақтарына қатысты ғой. Осыған аз-кем тоқталып өтсеңіз.
- Қол жинау парақтарының заңға сәйкестігін, дұрыстығын аумақтық сайлау комиссиялары тексеріп, олардың барлығын хаттама ретінде Орталық сайлау комиссиясына жібереді. Осы жұмыстардың барлығын 2 наурызға дейін аяқтауымыз керек. Өйткені 2 наурыз күні Президенттікке кандидаттарды тіркеу аяқталады. Уақыт өте тығыз. Біз осыған дейін қол қою қағаздарын беру мен аумақтық комиссиялар тарапынан оларды қарау мерзімін қысқартып тастадық. Бірақ біз аумақтық сайлау комиссиялары өз міндеттерін белгіленген межеден ерте орындайды деп үміттенеміз. 91 мың қол облыс-облысқа бөлгенде соншалықты көп емес.
- Байқап отырсақ, Президенттікке үміткерлердің арасында әртүрлі саланың мамандары бар. Олардың ішінде күзетші де, зейнеткер де, жұмыссыздар да жүр. Жалпы Президенттікке үміткер болуы үшін қандай талаптар қойылады. Сайлауға қатысу үшін кез-келген адам өтініш бере алады ма?
- Президенттік сайлауға қатысу үшін үміткер Конституция мен «ҚР Сайлау туралы» туралы заңының талаптарына сәйкес болуы керек. Нақтырақ айтқанда, Республика Президентi болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын қырық жасқа толған, мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген әрi Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын Республика азаматы сайлана алады. Сонымен қатар үміткер бұрын сотталмаған болуы керек. Осы талаптарға жауап берген кез-келген азамат сайлауға қатысу үшін құзырлы органға өтініш беруге құқылы.
- Орталық сайлау комиссиясының ескертуіне қарамастан, кейбір үміткерлердің лингвистикалық комиссияның отырысына уақытында келмей қалғанының куәсі болдық. ОСК үміткерлерге тым жұмсақтық танытып отырған жоқ па?
- Өз басым бұл пікірмен толық келісемін. Жеке менің пікірімше, Мемлекет басшысы лауазымына ие болғысы келген азамат бүкіл елге үлгі болуы керек. Ол адам заңды құрметтеуі және заңға бағынуы тиіс. Сондықтан, кейбір кандидаттардың алдын ала ескертілгендігіне қарамастан, комиссияның отырысына келмей қалу маған да түсініксіз. Қазақстан өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырғандықтан, бұл да бір демократияның белгісі болар. Дегенмен үміткерлердің заң талап етіп отырған талаптарды дер кезінде орындап отыру өздеріне де тиімді болатындығын ескерткім келеді.