Мемлекет басшысы: Қазақ мәдениеті мен тарихы еліміздегі барша ұлыстардың рухани ұйытқысына айналды

«Ең бастысы, өшіп бара жатқан қазақтың тілін, тарихи мен мәдениетін өркендетіп, өрісін кеңейттік. Бұрын-соңды болмаған тілдің өрісі кеңінен жайылып, мектептеріміздің көпшілігінде, жоғары оқу орындарында сабақтар қазақ тілінде өтетін болды. Қазақ тілінде шығатын басылымдар мен кітаптар артып, тарихымызды тереңдету тұрғысында әлем елдерінде құнды деректерді жинап, тарихымызды орнына келтіруге мүмкіншілік алдық. Өз тілімізді, ділімізді, дінімізді өркендете отырып, біз басқаларды кемітпедік!», - деп тоқталды Мемлекет басшысы. Осы орайда Елбасы Қазақстандағы барша халықтың құқықтарына ерекше мән берілгенін, бұл тұрғыда еліміздің тұғырлығы мен бірлігі нығайғанын атап өтті. «Қазақ мәдениеті мен тарихы еліміздегі барша ұлыстардың рухани ұйытқысына айналды. Күллі ел болып атап өткелі отырған Қазақ хандығының 550 жылдығы осының айқын көрінісі. Тіл, тарих және мәдениет үштағанының бірлігі біздің мызғымас рухани тірлігіміздің, ел бірлігінің негізі болғанына барлығымыз куә болып отырмыз. Біздің тарихымыздың тамыры терең жатыр. Соның барлығын біз өзімізге, ұрпағымызға, бүкіл әлемге көрсетуіміз керек», - деді Президент.