Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасын дамытуға суық климаттың кесірі тиіп отырғанын айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 17 млн. батыр тұрады. Бұл туралы бүгін «Елбасымен бірге - жаңа жеңістерге!» атты жастар форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
Қазақстан экономикасының қиын климаттық жағдайда дамып жатқандығын атап өткен Елбасының сөзіне қарағанда, Германиядағы жылдық орташа ауа температурасы Германияда 20, Жапонияда 16, АҚШ-та 15, Сингапурда 27, Малайзияда 28 градус жылылықты құрайды.
«Біздің экономикамыз, индустриямыз құрылатын маңызды қалаларда, Астанада, Ақмола облысында, Солтүстікте, Павлодар мен Қарағандыда және басқа қалаларда орташа жылдық температура + 2,5 градусты құрайды. Ал, бұл қалалалар қазақстандық тауардың басым бөлігі өндірілетін біздің басты өнеркәсіп орталықтарымыз. Сондықтан біздің экономикамыз көп энергия шығынын талап етеді, өйткені, төңірегіміз энергия шығыны мол табиғат», - деді Мемлекет басшысы.
Елбасының атап өтуінше, әлемнің үздік 30 мемлекетіне кіретін ауа райы жылы елдерде зауыт салу үшін құрал-жабдық орнатып, тіпті картон қабырға қойса жеткілікті.
«Ал біз күрделі ғимараттар салып, оларды сапалы, қымбат материалдармен қаптаймыз. Біздің барлық қалалар мен елді мекендер жылына 7 ай бойы жылытылады. Бұған қоса, адамдардың жылы киім сатып алуына, үйлерін жылытуына, калориялы тамақ ішулеріне ақша төлеу керек қой. Мәселен, Канаданың оңтүстік аудандарынан елдің солтүстігіне қоныс аударатын канадалықтарды батырлар деп атайды. Егер осы салыстыруды бізге телитін болсақ, онда бізде, Қазақстанда 17 млн. батыр тұрады», - деді ҚР Президенті.