Мемлекет басшысы Қазақстанның көрнекті қоғам қайраткері Жұмағали Ысмағұловтың отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып көңіл айту хатын жолдады

АЛМАТЫ. 17 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев журналист, жазушы-публицист, аудармашы, әдебиетші-ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның көрнекті қоғам қайраткері Жұмағали Ысмағұловтың қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып көңіл айту хатын жолдады. Елбасының көңіл айту хатын бүгін Алматыда Жұмағали Ысмағұловты ақтық сапарға шығарып салу кезінде М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Cейіт Қасқабасов оқып берді.
None
None

"Белгілі қаламгер, шебер аудармашы, көрнекті әдебиетші ғалым Жұмағали Ысмағұловтың дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен туған-туыстарына ауыр қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын. Бұл кісі білімімен, шығармашылығындағы жасаған түр-тұлғасымен, бойындағы азаматтық асыл қасиеттерімен халқымыздың шынайы қадір-құрметіне бөленген тұлға еді. Еңбексүйгіштігі, ұстамдылығы, тазалығы, елін-халқын сүюі сияқты қасиеттерінің арқасында жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Оның еңбегін халқымыз ұмытпайды деп ойлаймын. Топырағы, торқа, жаны жаннатта болсын", - делінген Мемлекет басшысының көңіл айту хатында.

Сондай-ақ Ж. Ысмағұловтың қазасына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту хатын ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагин және тағы басқа да азаматтар жолдап отыр.

Ж. Ысмағұлов Алматыдағы Кеңсай-2 зиратына жерленбек.

Еске сала кетейік, Жұмағали Ысмағұлов 14 қаңтар күні Алматыда ұзаққа созылған ауыр науқастан 83 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Жұмағали Ысмағұлов1928 жылы 17 сәуірде Қостанай облысының Сарыкөл ауданындағы Соналы ауылында туған. Орта мектептің 8 класын бітіргеннен кейін, 1942 жылы алғашында Әулиекөлдегі аудандық газет баспаханасында әріп теруші, сосын аудандық газет редакциясында жауапты хатшы болып істеген. 1951 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 3-курс студенті кезінде-ақ "Коммунист" (қазіргі "Ақиқат") журналында партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі болып істеді, көп ұзамай оның жауапты хатшысы және редакция алқасының мүшесі болды. 1952-1987 жж. "Үгітші блокноты" ("Блокнот агитатора") журналының жауапты редакторы, Қазақстан КП Орталық Комитетінде нұсқаушы, республикалық "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы, Алматы облыстық "Жетісу", Шығыс Қазақстан облыстық "Коммунизм туы" газеттерінің редакцияларында жауапты қызметкер, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтында аударма секторының меңгерушісі, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік ақпарат агенттігі (ҚазТАГ) директорының орынбасары, директоры болған. 1985 жылы он бірінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, ал 1986 жылы Қазақстан Компартиясының XVI съезінде Орталық Комитеті мүшелігіне кандидат болып сайланды.

1987 жылдан бастап М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкері болып істеген. 1994 жылы "Абай: ақындық тағылымы" ("Ғылым") атты монографиясы жарық көрді. 1995 жылы "Абай поэзиясындағы өмір шындығын бейнелеудің реалистік принциптері" деген проблема бойынша докторлық диссертация қорғады. Абайдың шығармашылық мұрасын бастыру және зерттеу жөніндегі жұмыстары үшін Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болды. 1996 жылы Қазақстан Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі болып сайланды. Кейінгі кезде М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында Абайтану бөлімінің меңгерушісі болып істеген.

1991-1996 жылдары қоғамдық негізде Жазушылар одағы басқармасының жанындағы Көркем аударма қауымдастығы президентінің міндетін атқарды.

Ұзақ жылдар бойы баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларының біразы "Маржан мен махаббат" (1965), "Адам мейірі" (1968) атты жинақтарына енгізілді.

Бальзактың "Үзілген үміттер", Стендальдың "Қызыл мен қара", Ю. Бондаревтің "Жағалау" және "Таңдау", В. Анчишкиннің "Арктика аңызы" романдарын, В. Дальдың "Бекей мен Мәулен", Э. Казакевичтің "Көк дәптер" повестерін тәржімалаған.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1992). Халықтар Достығы және "Құрмет Белгісі" ордендерімен және медальдармен марапатталған

Соңғы жаңалықтар