Мемлекет басшысы Қазақстанның шығармашыл жастарымен кездесті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясы басталар алдында жас әнші Димаш Құдайбергеновпен және режиссер Ақан Сатаевпен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Елбасы әңгіме барысында Димаш Құдайбергеновті Қытайда өткен халықаралық байқаудағы жеңісімен құттықтап, оған бақ-береке және зор шығармашылық табыс тіледі.
Ақан Сатаев Қазақстан Президентіне өзінің жоспарлары жөнінде айтты. Нұрсұлтан Назарбаев кинотуындылар түсірерде қазақ ұлтының қалыптасуы, тәуелсіз Қазақстанның жаңа елордасының салынуы жөніндегі тақырыптардың өзекті екенін ескеру қажеттігін атап өтті.
Соңында Қазақстан Президенті еліміздің жас дарындарына батасын берді.