18:42, 12 Ақпан 2009 | GMT +5
Мемлекет басшысы көктемгі егіс науқанына орай 1 млрд. доллар бөлу туралы Үкіметке тапсырма берді
АСТАНА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесі Бюросының кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көктемгі егіс науқанын жүргізу үшін 1 млрд. доллар бөлу туралы Үкіметке тапсырма берді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі күні еліміздің аграрлық секторы көктемгі егіс науқанын жүргізу кезінде қаражатсыз қалып отыр. Бұрын бұндай жұмыстар банктерден кредит алып, кейіннен есептесу арқылы жүргізілсе, биыл ондай мүмкіндік болмай отыр. Сондықтан да Үкімет бұл бағытта 1 млрд. доллар бөлу туралы шешім қабылдауы тиіс. Бұл қаражаттың жекелеген бөлігі көктемгі егісті қамтамасыз етуге жұмсалады, ал қаражаттың тағы бір бөлігі 11 бағыт бойынша өңдеуші кәсіпорындар құруға жұмсалады», деді Н. Назарбаев.
Елбасының айтуына қарағанда, аталған 11 бағыттың ішінде ірі қалалар маңынан жылыжай ашу, жеміс-жидек кешендерін құру, құс шаруашылығы, тері өңдеу, ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру салалары қамтылатын болады. «Бұдан басқа ауыл шаруашылық секторы бойынша үш жылдық бюджетпен жыл сайын бөлінетін субсидиялар да сақталып қалады», деді Президент.