Мемлекет басшысы коронавирусқа қатысты тестілеу көлемін арттыруды тапсырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа қатысты тестілеу көлемін арттыруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Эпидемияны ауыздықтау – оңай шаруа емес. Оның экономикаға және халықтың әл-ауқатына тигізетін салдарын барынша азайту – маңызды міндет. Біз жан-жақты ойластырылған және нақты шаралар қабылдауымыз керек», - деді Мемлекет басшысы коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңесте.

Осы орайда президент бірқатар түйткілді мәселелерге тоқталды.

«Тестілеу көлемінің төмендеуі үрдісі байқалып отыр. Тәулігіне 40-тан 60 мыңға дейін зерттеу жүргізу мүмкіндігі болғанымен, орташа есеппен 18 мың зерттеу жасалуда. Зертханалардың жүктемесі 40 пайыз шамасында», - деді Қ. Тоқаев.

Президент өңірлік бөліністе көлемді теңестіруге қол жеткізілмегенін ескертті. Биылғы 5 қазандағы жағдай бойынша 100 мың адамға шаққандағы есептеуде тестілеудің төменгі деңгейі Қызылорда, Алматы облыстарында, Шымкент қаласында анықталған, ал жоғары деңгей Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында тіркелді.

Зерттеулердің ең жоғары көлемі биылғы маусым айында жүргізілген, яғни тәулігіне 33 мыңға жетті. 2020 жылғы 5 қазанда 11 мыңға жуық зерттеу жасалды.

Қазіргі жағдайда мұндай көрсеткіш өте аз екеніне тоқталған Президент, «біз нақты ахуалды білуіміз керек. Сондықтан да тестілеуден өткізу көлемін арттыру бойынша шаралар қабылдаған жөн», - деді.

Мемлекет басшысының айтуынша, зертхана желісі кеңейтіліп, барша әлемде тестілеу құны төмендегеніне қарамастан, елімізде тестілеу бағасы әлі де жоғары болып тұр. Бұл тұрғыда 10-нан 18 мың теңгеге дейін жетеді.

«Халықтың басым бөлігіне бұл сома тиімсіз болып тұр деп санаймын. Үкімет пен әкімдерден тестілеудің қаржылық мәселесін шешу талап етіледі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар