Мемлекет басшысы: Кувейт мемлекетiмен қарым-қатынас жүйелi дамып келеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Кувейттің қарым-қатынасы жүйелi даму үстінде. Бүгін Ақордада Қазақстандағы бірқатар елдердің Елшілерінен сенім грамоталарын қабылдау кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.
«Кувейт мемлекетiмен қарым-қатынастың жүйелi дамып келе жатқанын атап айтқым келедi. Былтыр Кувейтте Қазақстан елшiлiгi, ал биыл Астанада Кувейт елшiлігi ашылды. Бұл дипломатиялық миссиялар саяси, сауда-экономикалық қарым-қатынасты нығайтуға зор әсерiн тигiзедi деп сенемiн. Бұл орайда, жоғары деңгейдегi сапарлардың маңызы зор екенi анық», - дедi Елбасы.
Айта кетейік, бүгін Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы бірқатар елдердің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады.
Атап айтқанда, сенім грамоталарын Кувейттің Төтенше және Өкілетті Елшісі Тарек Абдулла әл-Фарадж, АҚШ Елшісі Джордж Альберт Крол, Пәкістан Елшісі Абдул Салик Хан, Болгария Елшісі Васил Петков, сондай-ақ, Сауд Арабиясының Төтенше және Өкілетті Елшісі Гурм бен Саид әл-Милхан тапсырды.