Мемлекет басшысы латын қарпіне көшудің жеңіл жолдарын көрсетіп берді

АСТАНА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат - Егер латын әліпбиін енгізуге ақылмен келе алсақ, онда балаларымызға жеңіл болады, бізге және тұтастай елімізге жеңіл болады, еліміздің әлемдік экономикалық және ғылыми кеңістікке енуі жеңілдей түседі.

Мемлекет басшысы латын қарпіне көшудің жеңіл жолдарын көрсетіп берді

Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық БАҚ-қа берген сұхбатында мәлім етті.

«Бұдан қашып құтыла алмаймыз, бұл - келешектің талабы. Сондықтан біз осыған ұмтылуға тиіспіз. Бірақ бұл мақсатқа біз үлкен сарабдалдықпен, байыптылықпен келуіміз керек. Кириллицаны қосарлана пайдалану белгілі бір уақытқа дейін жалғасатын болады», - деді Мемлекет басшысы.

«Міне, қараңыздар, қазір барлық балалар бірінші сыныптан бастап үш тілді: мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін оқиды. Демек процесс жүріп жатыр, 15 жылдан кейін бәрі де бұл алфавитті білетін болады. Және халықтың басым бөлігі, әсіресе, бұл басқарушы элитаға қатысты, өйткені, олар сөйлеуге міндетті, ағылшын тілін білетін болады. Үкімет мүшесі немесе әкім ағылшынша білмей тұра алмайды. Мәселе қазір осылай қойылуда. Өйткені, әлемде үнқатысу негізінен осы тілде жүреді. Мемлекетаралық тауар айналымы өсіп келе жатқанын да ескерген жөн, бізде экспорт көлемі 74 миллиард доллар, импорт - 36 миллиард доллар. Біз әлемнің 80 елімен байланыс жасап, сауда-саттық жүргіземіз, саяси қарым-қатынас жасайтын мемлекеттер қатары бұдан да көп. Сондықтан латын әліпбиіне өту табиғи түрде жүреді деп санаймын», - деді Президент.

«Біз осыған бейімделуіміз керек. Білімді азаматтарымыз, зиялы қауым осы мәселені насихаттап, үгіттеуге тиіс», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.