Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Тұңғыш Президент, Елбасы туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Парламенті қабылдаған заңдарға қол қоюдан бас тартты - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда маусымның 4-і, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының Парламентіне және «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Саяси бюросына қарата айтылған үндеуі жарияланды. Онда Елбасы алдына Тұңғыш Президент, Ел Басы туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Парламенті қабылдаған заңдар келіп түскендігін, бұл орайда депутаттарға, осы мәртебені қабылдауға тілек білдіріп, хат жолдаған отандастарына ризашылығын білдірген.
«Тәуелсіздік жылдары біз сіздермен бірге өркениетті әлемнің өлшемі мен дәстүрлеріне сәйкес еркін, зайырлы, мемлекет құрудамыз. Біз осы жолда қол жеткізген табыстарымыз арқылы жетекші халықаралық ұйымдар мен интеграциялық құрылымдардың зор құрметіне ие болдық. Баршаңыз білесіздер, Қазақстан Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының іс басындағы Төрағасы болып табылады, өңірлік бірқатар ұйымдарға басшылық жасауда. Біз осы сенімнің үдесінен шығып, абыройлы міндетті лайықты атқаруға тиіспіз. Жоғарыда айтылған жағдайларға байланысты, құрметті Сенат және Мәжіліс депутаттары, маған жіберілген заңдарға қол қоюдан бас тарту жөніндегі ұстанымымды дұрыс түсінулеріңізді өтінемін», делінген Президент мәлімдемесінде.
«Инвесторлар ел игілігіне қызмет етуге тиіс». «Егемен Қазақстан» газетінде осы тақырыппен жарық көрген мақала Алматыда өткен IV Қазақстандық инвестициялық саммитке арналған. Алқалы жиынға қатысқан Елбасы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында елді индустрияландыру картасы дайындалғанын, оған жалпы құны 45 миллиардтан астам доллар болатын республикалық және аймақтық мәні бар 100 жоба енгізілгенін атап өткен. Келелі кеңес барысы жайында басылымның жұма күнгі нөмірінен егжей-тегжейлі оқи аласыздар.
«Кеше Ақордада Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің жанындағы Сарапшылар кеңесінің отырысы өтті», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, жиынның күн тәртібінде ақпараттық қауіпсіздік, көлік қауіпсіздігінің жай-күйі, оны қамтамасыз ету шаралары және Қазақстанның транзиттік әлеуетіне төнетін қатерлер туралы мәселелер қарастырылған.
«Алаш айнасы» газеті жұма күнгі нөмірінде «Енді құс қырылып жатыр» деп дабыл қақты. Басылымның жазуынша, Алматы облысына қарасты Қарасай ауданында құстардың жаппай қырылуы тіркелген. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті берген мәліметке қарағанда, Алматы облысы, Қарасай ауданы Шамалған стансысына жақын жердегі саяжайлардың бірінде қараторғайлар қырылған. Арнайы құрылған ветеринарлық комиссия оқиға орнына барып, өлген 20 құсты сараптамаға алған. Әзірше, құстардың қырылуына себеп болған жағдайдың не екені белгісіз.
Осы басылымның 4-ші бетінде «Мемлекеттік шенеуніктер мемлекеттік бағдарламаға неге қырын қарайды?» деген тақырыппен берілген мақалада автор мемлекеттік бағдарлама бойынша берілген пәтерлердің сапасыздығына назар аудартады. Соңғы кездері Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына жауапты мекемелер тарапынан тиісті бақылау мен мемлекеттік бағдарламаға деген оң көзқарастың болмауынан аталмыш бағдарлама аясында пайдалануға берілетін тұрғын үйлер төңірегінде дау-дамай көбейіп кетті. Бұған дәлел мемлекеттік бағдарлама бойынша Түрксіб ауданында салынған Спасская көшесі №66 «В», 66 «Г» үйлерінің жертөлелері суға толып, маса, шыбын-шіркей үйелеп, егеуқұйрықтар өріп кеткен. Жаңа үйлер өне бойы сыз болғандықтан тұрғындар өзі үйінен басқа жаққа безіп, қала ортасынан пәтер жалдап паналауға мәжбүр. Тұрғындардың балалары сыздан ауруханада айлап жатқан. «Көкжиек» ықшамауданында да осындай келеңсіз көрініс. Бұл туралы толығырақ «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санынан оқи аласыздар.
«2002-2010 жылдарға арналған «Ауызсу» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жұмыстар толығымен орындалмаған. Сондықтан бұл бағыттағы істі аяғына дейін жеткізу үшін аталмыш бағдарлама мерзімі 2015 жылға дейін ұзартылмақшы. Бұл туралы кеше Алматыда Ұлттық инженерлік академиясында өткен «Ауызсу» дөңгелек үстелі барысында Ауыл шаруашылығы министрлігі Су қорлары комитетінің төрағасы Анарбек Орман мәлімдеді», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылым басылымға тұздық ретінде ҚР Ұлттық инженерлік академиясы эЭкология бөлімінің төрағасы Меңлібай Мырзахметовтің пікірін қоса берген. Оның айтуынша, Сырдария өзенінде 1 литр судағы минералдану 2 пайызды құрайды, ал норма бойынша бұл көрсеткіш 1 литрге 1 пайыз болуы тиіс. Ертіс өзеніндегі ауыр металдар нормада көрсетілген шектен 12-15 есе көп екен. «Бағдарлама бар, бірақ ауыз суға жарымаймыз» деген тақырыппен берілген мақаланы егжей-тегжейлі оқығыңыз келсе, басылымның бүгінгі нөміріне назар салыңыз.
***
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Алматыдағы резиденциясында Туризм және спорт министрі, Астана, Алматы қалалары және Алматы облысы әкімдерімен 2011 жылғы қысқы Азия ойындарына орай кеңес өткізді. Осыған орай «Айқын» газетінде «Президент Азиада ойындарына дайындықты саралады» деген тақырыппен мақала басылды. Басылымның баяндауынша, Мемлекет басшысы атқарылып жатқан іс-шаралармен таныса келіп, «Азиада ойындарын елімізде өткізу - әлемдік спорт қозғалысындағы Қазақстанның халықаралық беделінің көрсеткіші», деп атап өткен.
«Елбасының Алматыдағы резиденциясында Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалығымен әдебиет және өнер саласындағы 2010 жылға арналған мемлекеттік сыйлықтар беру жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті», деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның атап өтуінше, ағымдағы жылы әдебиет пен өнер саласы бойынша 17 шығарма, музыка, театр және кино саласы бойынша 10 туынды, бейнелеу мен сәулет өнері саласы бойынша 8 шығарма мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отыр. Жалпы 35 үміткер бар. алайда берілетін сыйлық - 3-еу ғана. Мемлекеттік сыйлыққа кімдер ұсынылғанын білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі санындағы «Мемлекеттік сыйлық әдебиет пен өнер саласында үш-ақ адамға беріледі» деген мақалаға назар аударыңыз.
Қазақстандық балуандар үшін жаз айлары жауапты жарыстарға толы болмақ. Грек-рим мен еркін күрес шеберлері бірқатар турнирлерде бақ сынаса, әйелдер күресі бойынша да бірнеше дүбірлі додалардың байрағы желбірейді. Осы және басқа да спорт тақырыбына қатысты мақалалар топтамасын оқығыңыз келсе, «Айқын» газетінің бүгінгі нөміріне назар салыңыз.
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында Еуразиялық даму және қайта құру банкінің президенті Томас Мировпен кездесті. Жүздесу барысында екі жақты экономикалық қарым-қатынас мәселесі талқыланған. Басылым Томас Мировтің «мен бүгінгі табысты кездесу үшін Нұрсұлтан Әбішұлына алғыс білдіремін. Жалпы алғанда, бұл Қазақстанның дамуы мен Еуразиялық даму және қайта құру банкінің арасындағы байланыс туралы еркін пікір алмасу болды», деген сөзін келтірген.