13:22, 05 Наурыз 2009 | GMT +5
Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясына әйелдердің басшылық лауазымдарға тағайындалуы мәселесін қарауды тапсырды
АСТАНА. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Қазақстан әйелдерінің V форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясына әйелдерді басшылық лауазымдарға белсенді жылжыту мәселесін тапсырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Партия биылғы жылдан бастап осы мәселемен айналысуы тиіс. «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің 56 пайызын әйелдер құрап отыр. Олардың арасында лайықты кандидаттар бар екендігіне сенімдімін»,-деді Елбасы.
Соңғы 5 жылда Қазақстанда Парламент және мәслихат депутаттары болып жүрген әйелдер саны өзгермегеніне тоқталған Мемлекет басшысы, бүгінде олардың үлесі 17 пайызды ғана құрайтынын, мемлекеттік органдарда, орталық аппараттарда, әкімдіктерде әйелдер саны артпай отырғандығын айтып өтті.
Президент елімізде көшбасшы әйелдер жеткілікті екенін және олар алдына қойған мақсаттарды сәтті орындап келе жатқанын, осы орайда басшылар әйелдердің мансаптық өсуін батыл қолдап отыруы тиіс екендіктерін қадап айтты.
«Елімізде әйелдердің саяси-қоғамдық өмірде белсене қатысуы мүмкіндіктерін ары қарай кеңейтуіміз қажет. Бүкіл әлемдегі билік құрылымында әйелдер 30-40 пайызын құраса, қоғам тұрақты әрі әлеуметтік бағдарланып дамиды»,-деді Н. Назарбаев.