Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев депутаттарға жоспарларын айтатын болады

Бүгін ҚР Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов осылай мәлім етті. Айта кетейік, бесінші сайланған ҚР Парламентінің бесінші сессиясының ашылуына Сенаттан 47 депутаттан 44-і , Мәжілістен 107 депутаттан 104-і қатысты. «Бүгін Парламенттің бесінші сессиясы өз жұмысын бастады. Каникул кезінде жақсы тынығып, аймақтардағы сайлаушылармен кездесіп қайтқан боларсыздар. Ал енді қазіргі таңда біздің алдымызда Елбасының тапсырмаларын орындау жөніндегі орасан зор қауырт әрі жауапты жұмыс тұр. Бұл бізден қай кездегідей Парламенттің қос палатасы Мәжіліс пен Сенаттың үйлесімді, бірлескен және ұйымшыл жұмысын, әрқайсымыздан зор жауапкершілік пен жоғары кәсібилікті талап етеді. Елбасы мемлекеттік сапарынан келгеннен кейін сіздерге жоспарларын айтатын болады. Осы жұмыста баршаңызға сәттілік тілеймін», - деді Мәжіліс Төрағасы. Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапармен Қытай Халық Республикасында жүр. «Осыған байланысты «ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңының алтыншы бабының бесінші тармағына сәйкес, маған Парламент Мәжілісінің Төрағасы ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің берген тапсырмасы бойынша бесінші сайланған ҚР Парламентінің бесінші сессиясын ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер», - деді Қ. Жақыпов.