Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Назарбаев Университетінде» дәріс оқыды
АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат. Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Назарбаев Университетінде» дәріс оқыды. Қазақстан Президенті өз сөзінде елдің алдында тұрған, қазақстандық ғылым мен білім беру жүйесі үшін жаңа уақыттың талабына және жаңа міндеттерге сәйкес бағыттарды айқындап берді.
Мемлекет басшысы жақында өткен ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті кезеңдік ауқымдағы оқиға болғанын атап өтті. Еуроатлантикалық және Еуразиялық біртұтас және бөлінбейтін қауіпсіздік қоғамдастығының құрылуының жаңа кезеңінің басы болуы мүмкін ЕҚЫҰ-ның Астана декларациясы қабылданды. ЕҚЫҰ-ның маңызды қағидаттарының бірі білім беру және ғылым саласындағы мемлекеттердің ауқымды өзара іс-қимылы болып табылады.
- Бұдан бес жыл бұрын мен Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруі туралы міндет қойдым. Ондағы негізгі шешімнің бірі білім мен ғылым саласындағы терең өзгерістер деп білемін, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қажетті шешім ретінде бес стратегиялық міндетті атады:
Бірінші. Даму қарқынын үдете түскен Қазақстанға заманауи білімді, сауатты шешімдерді қабылдай алатын және орындай алатын мамандар қажет. 1992 жылдан бастап, «Болашақ» бағдарламасы бойынша жыл сайын шетелдік жоғары оқу орындарына жүздеген жас қазақстандықтар жіберіледі. Осы жылдар ішінде 20 мыңнан астам жас мамандар даярланды. Бүгінгі Қазақстанға халықаралық деңгейдегі мамандарды өз бетінше даярлауға қабілетті, өз ғылым мен білім индустриясы қажет.
Екінші. Қазақстандық білім беру жүйесі үшін XXI ғасырдағы жоғары оқу орнының эталоны қажет. Биылғы жылы мемлекет бүкіл білім беру жүйесін дамыту үшін көптеген істер атқарды. Президенттің тапсырмасы бойынша мектепке дейінгі білім беру мекемелерін толықтай қамтуға бағытталған «Балапан» бағдарламасы қабылданды, соның нәтижесінде 650-ден астам жаңа жалпы білім беру мектептері ашылды. Еліміз бойынша болашақ дарынды балалар үшін табиғи-математикалық цикл пәндерін тереңдетіп оқытатын 20 Интеллектуальдық мектепті ашуға бағытталған бағдарлама жүзеге асырылуда. Бірнеше жылдан бері қазақстандық білім саласын қаржыландыру елдің ЖІӨ-нің көлемінің 4 пайызын құрауда. Жаңа университеттің ашылуы - бұл қазақстандық жоғары оқу орнының әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялануының жаңа баспалдағы.
Үшінші. Қазақстанға ғалымдар ғана емес, сондай-ақ келешектегі инновациялық салалардағы жаңа технологияны құру үшін ғылыми орталық қажет.
Төртінші. Қазіргі әлемде білім беру қызметі - бұл экономиканың жылдам дамитын сегменті. Қазақстан әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, өңірдегі, ТМД және жалпы алғанда Еуразиядағы білім беру және ғылыми жаңалықтардың экспорттық орталығына айналуы қажет.
Бесінші. Жаңа университет Астананы Еуразиядағы ірі ғылыми-білім беру орталығына айналдырады. Бұл оқу орнының құрылуы - астананың, бүкіл мемлекет пен қоғамның дамуына жүйелі ықпал етуге шақыратын маңызды ұлттық жоба.
- Жаңа университет арнайы заңнамалық акті негізінде жұмыс жасайтын ерекше мәртебеге ие. Мен университет менің атымды иеленуіне алғаш рет келісім бердім. Бұл оның қалыптасуы мен дамуына барлық мемлекеттік құрылымның, жоғары оқу орнының басшылығы мен ұжымының жауапкершілігін арттыру үшін жасалып отыр, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Университеттің құрылымы заманауи ғылымның бірнеше келешегі зор саласын қамтитынын атап өтті:
Біріншіден, бұл жоғары энергия физикасы, энергиямен жабдықтау технологиясы мен жаңартушы энергияресурстар саласындағы Энергетикалық зерттеулер орталығы. Қазақстан үшін жел, күн, жылу мен геотермалды, сондай-ақ биоэнергетика саласындағы әзірлемелердің перспективасы зор. Сондай-ақ жаңа жылу элементтерін, жарықтың энергияжабдықтау көздерін, өте жылдам өткізгіштер құрудың мүмкіндіктері бар.
Екіншіден, Жаңа университетте өмір туралы орталық құрылған. Оның аясында трансплантология саласындағы зерттеулер жүргізіледі, жасанды жүрекке және жеңіл операцияға қатысты жаңа технологияны ендіру көзделген. Адам генін зерттеуге, организмнің жақсаруына тексеріс жүргізуге, тірі адам организмінің клеткаларының өндірісіне, гендік дәрі-дәрмек жасауға үлкен мән берілген. «Болашақ госпиталы» жаңа медициналық технологияны ендіру алаңына - бүкіл қазақстандық денсаулық сақтау жүйесінің дамуының локомотивіне айналады. Ол Қазақстанда емдеудің озық әдістемесі мен жаңа медициналық технологияны ендірудің үлгісіне айналуы тиіс.
Үшіншіден, Жаңа университет жанынан Халықаралық дисциплинаралық инструменталдық орталық құрылған. Бұл инновацияның негізгі базасы. Ондағы бірегей жабдықтар, интеллектуалдық әлеует қағидатты түрде ғылыми мамандарды даярлауды ұйымдастырудың жаңа негізіне мүмкіндіктер береді.
- Осы оқу орнында оқитындардың көпшілігі біздің ғылымымыздың мақтанышына айналып, Қазақстанды әлемге танытады деп сенемін. Біздің ұлттық тарихымыздың негізі алғашқы кезден-ақ үш жүйеқұрушы міндеттен: тиімді және қуатты мемлекет, біртұтас толеранттық қоғам, инновациялық экономикадан тұрды. Қазақстанның дамуы мен табысының басты шарты - бұл біздің көп ұлтты халқымыздың бірлігі мен келісімі, - деп атап өтті Президент Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы дәрісін аяқтағаннан кейін университеттің студенттері мен оқытушыларының сауалдарына жауап берді. Одан кейін шақырылған қонақтар - белгілі еуропалық саясаткерлер Герхард Шредер, Романо Проди, Александр Квасьневский, Альфред Гузенбауэр, Марселино Агирре Орейа сөз сөйледі.
Сөз сөйлеу барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік саясаттағы рөлі, халықаралық қатынастар саласындағы оның серпінді идеялары, жаһандық қауіпсіздікті одан әрі нығайтудағы ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитін өткізудің өзектілігі, сондай-ақ елдің Үдемелі индустриалдық-инновациялық дамуы және Қазақстанның білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі Президенттің идеялары атап өтілді.