16:01, 25 Сәуір 2014 | GMT +5
Мемлекет басшысы ПИК-тер жұмысын ретке келтіруді талап етті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елорданы одан әрі дамыту жөніндегі кеңесте Президент Нұрсұлтан Назарбаев пәтер иелері кооперативтері (ПИК) жинаған қаржының тиімді жұмсалуы тетігін әзірлеуді тапсырды.
Мемлекет басшысының айтуынша, елордада 200 ПИК жұмыс істейді және олардың жұмысына өте көп шағымдар түсіп жатады.
«Маған жазған хаттарда қала тұрғындары мен әкімдіктер осы күнге дейін ПИК-тер жұмысына ықпал ете алмай отырғандығы айтылады»,-деп тоқталды Елбасы.
Президенттің мәліметтерінше, ПИК-тер Астанада жыл сайын 4 млрд. теңге жинайды. Алайда, үйлердің шатыры мен кіреберістерін жөндеу мәселесіне келгенде, оларда қаржы жетіспей жатады.
Осыған байланысты Елбасы Өңірлік даму министрлігіне елордалық әкімдікпен бірлесе тұрғындар қаржысын тиімді жұмсауды қамтамасыз ететін тетікті әзірлеп, ПИК-терді өздерінің міндеттерін орындатуды тапсырды.