Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы басты қиындықтарды еске алды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында тәуелсіздік таңының басты қиындықтарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі таңда біздің еліміздің жетістігі алдын ала белгілі болған сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ ол кезде, осыдан 30 жыл бұрын, Қазақстанның бастапқы жағдайы күрделі болды.
Экономика терең дағдарыста еді. Әлеуметтік сала тұралап жатты. Геосаяси ахуал мен әлемдік нарықтардан оқшаулану да сенім ұялата қоймады. Ұзыннан ұзақ созылған шекара заңды түрде реттелмеген болатын», - деді Президент салтанатты жиында.
Сондай-ақ, ол аталған қиындықтар қалай еңсерілгеніне де тоқталды.
«Елбасының стратегиялық идеялары мен оның мызғымас саяси ерік-жігері осы қолайсыз факторлардың бәрін еңсеріп, Қазақстанның орнықты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді деп нық сеніммен айтуға болады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін біздің еліміз экономика, мәдениет немесе қоғамдық-саяси өмір болсын, іс жүзінде барлық салаларда прогресс жолына түсті», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.