Мемлекет басшысы Үкіметке браконьерлерге қарсы заңды күшейтуді тапсырды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке браконьерлерге қарсы заңды күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Таяудағы қайғылы оқиға ұйымдасқан қылмыстың қауіпті түрі ретіндегі браконьерлік проблемасын ашып берді. Браконьерлер жақсы жабдықталған, қаруланған, жазаланбайтындықтарын сезінеді. Тек осы жылдың өзінде ғана олардың қолынан жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі екі инспектор мерт болды», - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті таяуда ғана Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл көлінде браконьерлердің қылмыстық әрекеттерінің жолы кесілгендігін айтты.
«Бұл бірлі-жарым оқиға болғанымен браконьерліктің тамыры тереңге кеткен, оның ішінде құқық қорғау органдарының енжарлығы да бар. Браконьерлер біздің ұлттық байлығымыз - табиғатты аяусыз құртып жатыр. Үкіметке екі айдың ішінде тиісті заңнамаларды қатаңдату бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын», - деді Қ.Тоқаев.