Мемлекет басшысы Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың 10 жылдығына арналған халықаралық конгреске қатысушыларды құттықтады

АСТАНА. 7 қазан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың 10 жылдығына арналған «Инновациялық технологиялар мен медицинадағы прогресс, Еуро-Азиялық Респираторлық қоғамның 7-ші конгрессі» атты халықаралық конгреске қатысушыларды мерейтоймен құттықтады.

Мемлекет басшысы  Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың 10 жылдығына арналған  халықаралық конгреске қатысушыларды құттықтады

Президенттің құттықтауын бүгін аталмыш шараның ашылу рәсімінде Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай жеткізді. «Осы жылдар ішінде ұлттық орталық тұрғындарға жоғары, білікті медициналық көмек көрсететін жетекші, көпсалалы медициналық мекеме бола білді. Өзінің күнделікті қызметінде орталық медицина ғылымының ықпалдасуы мен денсаулық сақтаудың іс жүзіндегі тәжірибесінің үлгісін көрсетіп, түрлі дерттерді емдеу мен диагностикалау шарасын инновациялар негізінде жүзеге асырды. Аталмыш орталықта денсаулық сақтау саласындағы өзекті деген бағыттар дамыды. Олардың арасында жасушалы технологиялар, кардиология, кардиохирургия сияқты күрделі салалар да бар. Алдыңғы қатарлы ғылыми жетістіктер мен прогрессивті технологияларды денсаулық сақтау саласына енгізу қазіргі заманғы медицинаның басты міндеттерінің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, медицина саласындағы халықаралық деңгейдегі ынтымақтастық пен инновациялық жетістіктермен тәжірибе алмасып отырудың маңызы зор. Бүгінгі форум аясында медицина ғылымының дамуы мен азаматтардың денсаулықтарын нығайтуға ықпал ететін нәтіижелі пікірталас болады деген ойдамын. Халықаралық конгрестің қатысушыларының барлығына және Ұлттық ғылыми медициналық орталық ұжымына сәттілік тілеймін»,-делінген Елбасының құттықтауында.