Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздікке қатер төнгенде маңызды қадам жасады - Сейілбек Мұсатаев

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Хабар» және «Хабар 24» телеарналарына берген сұхбатында негізсіз болжамдарға нүкте қойды.

Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздікке қатер төнгенде маңызды қадам жасады - Сейілбек Мұсатаев

Мұндай пікірді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры, саяси ғылымдар докторы Сейілбек Мұсатаев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Хабар 24» телеарнасының журналисі Вера Захарчукке сұхбат беріп, халықтың көкейінде жүрген көптеген сұрақтардың жауабын берді. Мемлекет басшысы қаңтардағы қайғылы оқиғалардың себептері мен салдарын ашып көрсетіп, елімізде жүзеге асырылатын саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалардың мән-мазмұнын түсіндірді. Сонымен қатар Қазақ елінің алдағы кезеңдегі сыртқы саяси басымдықтары мен негізгі стратегиялық серіктестерімен өзара қарым-қатынастары туралы арнайы тоқталып, соңғы кездері белең алып кеткен алып-қашпа саяси әңгімелерге нүкте қойды»,- дейді ол.

Сонымен қатар университет оқытушысы Президент тәжірибелі дипломат, салиқалы саясаткер екенін айтты.

«Тәжірибелі дипломат, салиқалы саясаткер Қасым- Жомарт Тоқаев арандатушылық сипаттағы «саяси болжамдардың» негізсіз екенін айта келе, мәселенің ақ-қарасын ашып берді. Ең алдымен ҰҚШҰ көмегіне жүгіну осы ұйымның шартында көрсетілген талаптарға сай жүзеге асқанын, бітімгершілік күштер тек қана өздерінің тікелей міндетімен айналысқанын, яғни атқарған миссиясы тек стратегиялық нысандарды күзету мен тылды қамтамасыз етумен шектелгенін атап көрсетті.

Сұхбат барысында Президентіміз жүгенсіз кеткен қарулы лаңкестерге ескертусіз оқ ату туралы қатаң бұйрық беруге тура келгеніне де тоқталды. Ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген қиын сәтте Мемлекет басшысы әрі бас қолбасшы ретінде шұғыл шешім қабылдап, барлық жауапкершілікті өз мойнына алды. Бұл ұлт мүддесі мен тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін жасалған қадам»,- дейді Сейілбек Мұсатаев.