Мемлекет басшысы: Ұлы белестерді бағындыруға - алға Қазақстан!
АСТАНА. ҚазАқпарат - Біз пешенемізге жазылған тарихи міндетті мүлтіксіз орындаудамыз.
Бүгін елордада өтіп жатқан Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің жасампаз істеріміз бен жарқын жеңістеріміз Ұлы даланың Ұлы тарихында ізі қалған барша ғасырларға пара-пар. Тарихи статистикаға жүгінсек, ХХ ғасырдың басында еліміз азаматтарының орташа өмір сүру ұзақтағы 32-ақ жас болыпты. Бүгін мінекей - 72. Жаңа айтып өткенімдей, 2050 жылы 82-ге жетеді. Лайым солай болсын. Сонымен біз ғасырлар бойы шиеленіскен түйінді тарқаттық. Бүгінгі қазақстандықтардың теңдессіз еңбегі мен ерлігінің мәні осында. Біз пешенемізге жазылған тарихи міндетті мүлтіксіз орындаудамыз», - деді Мемлекет басшысы.
Елбасы барша халқымызды және еліміздің бүкіл шетелдік достарын Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі белесімен шын жүректен құттықтап өтті.
«Бәрімізге болашақта мерейлі табыстар тілеймін. Көк байрағымыз ашық аспанымызда мәңгі желбірей берсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын! Ұлы белестерді бағындыруға алға, Қазақстан! Ұлы мақсаттарды орындау жолында алға, халқым!», - деп аяқтады сөзін Назарбаев.