Мемлекет басшысы Универсиаданың ең басты пайдасы туралы айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, Алматыда басталған Универсиада ойындарының пайдасы ұлтымыздың денсаулығын нығайта алатын мемлекеттік бағдарламамен пара-пар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Универсиаданың ең басты пайдасы туралы айтты

"Универсиада ойындарын өткізу үшін Алматыны бекер таңдағанымыз жоқ. Алматы - мың жылдық тарихы бар қала, тəуелсіздігіміздің тал бесігі, өйткені, дəл осы Алматы қаласында егеменді ел болғанымызды жариялаған едік. Бұл шаһарда Қазақстанның жаңа дəуірі басталды. Алматы - қарқынды дамушы, заманауи қала, ел экономикасының қозғалтқышы жəне іскерлік ортаның мекені. Бұл - жастардың қаласы, студенттердің қаласы, бұл қалада Қазақстандағы университеттердің үштен бірі орналасқан. Алматыда 137 мың студент білім алып жүр",-деді Президент Универсиаданың ашылу салтанатында сөз ала отырып.

Елбасы атап өткендей, Универсиаданың арқасында атақты "Медеу" мұз айдыны жаңа келбетке енеді. "Шымбұлақ" болса, Іле Алатау бөктеріндегі "алмазқа" айналады.

"Универсиада ойындарының пайдасы ұлтымыздың денсаулығын нығайта алатын мемлекеттік бағдарламамен пара-пар. Атақты ғалым Анджелло Моссо "спорт жүздеген емнен артық, бірақ, ешбір ем спорттай бола алмайды" деп бекер айтпаған. Бұл - өте дұрыс айтылған сөз",-деді Президент.

Айта кетейік, бүгін Алматыда 28-інші Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарының ашылу салтанаты өтті.  Шараға қатысқан ҚР Президенті жастар сайысына 57 елден 2 мыңнан астам спортшы, мыңдаған спорт маманы мен жанкүйер қатысып жатқанын атап өтті.  Ашылу рәсімінде спортшылар шеруін 28-інші Универсиаданың иесі - Қазақстан құрамасы аяқтады. Еліміздің байрағын шаңғышы Дәулет Рахымбаев алып жүрді. Ел намысын барлығы 175 спортшы қорғайды.