Мемлекет басшысы Жаңаөзен қаласын дамытуға назар аударды
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласындағы Достық үйінде жұртшылықпен кездесу барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңаөзен қаласын дамытуға назар аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың Туиттердегі парақшасына сілтеме жасап.
«Өңірдегі тағы бір маңызды мәселе - Жаңаөзен қаласын дамыту. Қала тұрғындарын жұмыспен, баспанамен қамту және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту - негізгі міндет», - деді кездесу барысында Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Үкімет осыған қатысты жоспар әзірлеген.
«Бұл мәселе бойынша Үкімет кешенді жоспар әзірлеген әрі оны міндетті түрде жүзеге асыру керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, Президент Ақтау қаласында Жаңаөзен тұрғындарын жұмыспен, тұрғын үймен және жатақханамен қамтамасыз ету үшін квота қарастыру керектігін жеткізді.