Мемлекет басшысына тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жай-күйі туралы жылдық есеп ұсынылады - Мәжіліс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданы.

Мемлекет басшысына тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жай-күйі туралы жылдық есеп ұсынылады - Мәжіліс

Заң жобасы негізінен тұтынушыларының құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіріп, бұл бағыттағы олқылықтар мен коллизияларды жоюға бағытталады. Құжат бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органға қосымша құзыреттерді, оның ішінде тұтынушыларға өткізілетін өнімдер мен көрсетілетін қызметтер бойынша талаптардың, регламенттердің, нормативтік құжаттардың сақталуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі функцияны беру қарастырылады. «Заң жобасы қабылданған міндеттемелер шеңберінде тұтынушылардың мүдделерін қорғау үшін тиімді және тең жағдайлар қалыптастыруға бағытталады. Жалпы ұсынылып отырған түзетулер уәкілетті органның құзыретін нығайтуды, әлеуметтік жауапты кәсіпкерлік ортаны қалыптастыруға ықпал ететін тұтынушылардың қосымша құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз етуді қарастырады», - дейді Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев. Оның айтуынша, заң жобасымен тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жаңа пәрменді тетіктерін құру, сонымен бірге тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің рөлін күшейту қарастырылады. «Атап айтқанда, тауарларды сатуға, қайтаруға, ауыстыруға қойылатын талаптар жетілдіріледі. Бұл ретте тұтынушының тауардың кемшілігіне қатысты талаптарын қою, сапасы талапқа сай емес тауарды ауыстыру мерзімі белгіленіп отыр. Бұдан бөлек, тұтынушылардың шағымдарына жартыжылдық, жылдық талдау жүргізу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік органның қызметіне мемлекеттік талдау жүргізіледі. Сонымен қатар жыл сайын Мемлекет басшысына еліміздегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау жай-күйі туралы жылдық есеп ұсынылатын болады», - деді министр. Оның сөзіне қарағанда, заң жобасымен тұтынушыларды ақпараттандыру, кеңестер беру және сауаттандыру мәселелері жетілдіріліп, тиімділігі арттыру көзделеді. Тұтастай алғанда, заң жобасын қабылдау тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін институционалдық күшейтуге, тұтынушылар мен кәсіпкерлер мүдделерінің теңестірілуіне, азаматтардың тұтынушылық құқықтарын қоғмдық бірлестіктер арқылы тиімді қорғауға, тұтынушылардың құқықтық сауаттылық деңгейінің артуына алып келеді.