Мемлекет басшысына жолданған сауалдардың саны 6 мыңнан асты

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Маңызды мәселелердің бірінші қатарында тұрған халықты әлеуметтік қорғау саласы бойынша зейнетақы жүйесін қайта қарау, көпбалалы отбасылар мен мүгедек жандарға көмек беру тақырыбындағы сауалдар жиі түсуде. Екінші кезектегі тұрғын үй мәселесі бойынша жас отбасыларға баспана жағынын жәрдемдесу, мемлекеттік бағдарлама аясында үй алу, Астана және Алматы қалаларындағы «Лесная поляна», «Жеті жол», «Береке», «Хан Тәңірі», «Үш төбе», «Мереке-2», «Жайлы-1», «Бес тұлға» және «Тау самалы» сияқты тұрғын-үй кешендерінің құрылысына ақша салған үлескерлер проблемасы көптеп көтерілуде. Сондай-ақ қазақстандықтарды заңды сақтау және отандық білім беру саласындағы тәртіп бұзу оқиғалары жиі мазалауда.
Естеріңізге сала кетейік, 2009 жылы қарашаның 13-і күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан», «Хабар», «Астана қалалық теледидары» телеарналары және «Қазақ радиосы», «Астана радиосы» бойынша өтетін тікелей эфирде азаматтардың телеэфир, телефон интернет және СМС хабарламалары арқылы түскен сұрақтарына жауап беретін болады. Сұрақтарды республика бойынша +7 (7172) 555-777 телефоны мен KCell, Beeline, Neo, Altel ұялы байланысын пайдаланушылар үшін СМС хабарламалары арқылы 1111 нөміріне жіберуге болады. Сондай-ақ
www.line.gov.kz сайтының тиісті тармағын пайдалана отырып, бейнесұрақты жолдауға болады. Ал жазбаша сауалды vopros@akorda.kz электрондық мекенжайына жіберуге мүмкіндік бар.
Айта кетейік, «Қазақтелеком» ұсынған байланыс тегін болса, ұялы телефондарға арнайы төлемдер қарастырылған. «Тікелей желі» кезінде Елбасының назарына ілікпей қалған сауалдарға тиісті мемлекеттік органдар бір айдың көлемінде жауап әзірлеп, сайтқа орналастыратын болады. Ал Интернеті жоқ ауылды жерлер үшін әкімдіктер жанынан қоғамдық қабылдау бөлімдері ашылған.