Мемлекет басшысының Алматыға жұмыс сапары қалай өтті - шолу
Мемлекет басшысы сапар аясында қаладағы гидротехникалық инфрақұрылыммен танысып, бірқатар әлеуметтік нысанды аралап көрді. Сонымен қатар Президент Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиынға Үкімет мүшелері де қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласына жұмыс сапары биыл 1 маусымда пайдалануға берілген сел тасқынынан қорғайтын бөгеттен басталды.
«Аюсай» бөгеті Үлкен Алматы өзенінің бассейнінде орналасқан. Оның жоғары жағында сел қаупі бар 98 учаске, 89 мұздық, 20 мореналық және мұзды көл бар. Бөгет сел жүру қаупін барынша азайтып, 500 мыңнан астам халық пен 2 мыңға жуық нысанның табиғат апатынан қорғалуын қамтамасыз етеді. Еліміздің биік таулы аймақтарында 970 мореналық көл бар. Оның ішінде 156 көлде сел жүру қаупі жоғары.
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов биыл сел жүруі ықтимал 13 көлде апаттың алдын алу жұмыстары жүргізілгенін баяндады.
Сонымен қатар «Қазселденқорғау» мекемесінің басшысы Қайрат Бекенов Мемлекет басшысына табиғат апаттарының алдын алу жұмыстары жөнінде мәлімет берді.
Оның айтуынша, арналардағы суды тұрақтандыратын жаңа қорғаныс нысандарын салу қажет. Олар Үлкен Алматы, Есік, Талғар, Қаскелең және Түрген өзендерінің бассейніндегі су ағысының жылдамдығын азайтып, ағын судың арнадан асып кетпеуіне септігін тигізеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа пилоттық жоба аясында орнатылған 31 цифрлық гидробекет таныстырылды. Бұл қондырғылар судың жылдамдығына, температурасына, лайлылығына және басқа да көрсеткіштерге онлайн-режимде мониторинг жүргізеді. Мұндай технологиялар келешекте еліміздің жеті таулы аймағында қолданысқа енгізіледі. Гидробекеттердегі мәлімет ТЖМ Дағдарыс жағдайын басқару орталығының бірыңғай ақпараттық жүйесімен интеграцияланатын барлық ғылыми ұйым мен салалық ведомстволарға қолжетімді болады.
Мемлекет басшысы қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін селден қорғау шараларын жүргізу маңызды екенін атап өтті. Бұл ретте Президент Төтенше жағдайлар министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі және «Қазселденқорғау» мекемесі өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет екенін айтты.
ҚР Президенті 5,2 млрд теңгеге салынған мектепте болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Prometheus school білім беру ұйымын аралап көрді.
Президентке білім ордасының оқу кабинеттері, жаратылыстану зертханалары, мектепте сабақ оқытудың Daryn Go, Booky-Wooky авторлық әдістемелері, сондай-ақ оқу орнының жалпы инфрақұрылымы таныстырылды.
Рrometheus school былтыр 9 қарашада ашылған. Мектеп 840 оқушыға арналған. Аумағы – 12 мың шаршы метр. Білім беру мекемесін салу үшін 5,2 миллиард теңге инвестиция тартылған.
Аз қамтылған отбасылардың дарынды балалары үшін білім гранттары бөлінеді. Мектеп жыл сайын грант санын арттыруды жоспарлап отыр.
Мемлекет басшысына Enlightenment Power Group қоры жүзеге асырып жатқан жобалар туралы мәлімет берілді. Қор директоры әрі мектептің бақылаушылар кеңесінің төрағасы Досым Бесбайдың айтуынша, 1400 оқушыға арналған «ФизТех» мектебін ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мектеп түлектердің әлемдегі жетекші техникалық жоғары оқу орындарына түсуіне мүмкіндік туғызу үшін сапалы білім беруді көздейді. Мектеп құрылысын биыл қараша айында аяқтау жоспарланған. Жобаға тартылған инвестиция көлемі – 3,9 миллиард теңге.
Мемлекет басшысы Prometheus School мектебіндегі білім беру және оқушыларды даярлау форматының ерекшелігін атап өтті. Сондай-ақ ұстаздарға табыс тілеп, олардың қызметі қоғам үшін маңызды екенін айтты.
Алматылық оқушы Сәлім Көпеев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзі жасаған жұмыс үстелі органайзерін сыйға тартты.
«Мен кездесуге де кешігіп қалдым, дәретханада болған едім. Мынау сізге сыйлық, үстелге арналған органайзер. Парта үсті үнемі мектеп заттарымен былығып жатады. соларға алаңдап, үлгермей қаласың. Әкем екеуіміз барлық сыныпқа арналған осындай органайзердің жобасын жасадық. Оны өзім басып шығардым», - деді үшінші сынып оқушысы Сәлім Көпеев.
Президент жас өнертапқыштың сыйлығын ризашылықпен қабылдап, оған сәттілік тіледі.
«Жақсы жұмыс істедің», - деген Қасым-Жомарт Тоқаев оқушымен бірге естелік суретке түсті.