Мемлекет басшысының биылға Жолдауында көтеріліп отырған аса маңызды мәселелердің бірі - білім беру жүйесін жетілдіру, жастардың біліктілігін арттыру - Жолдауға үнқату
АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы халыққа Жолдауында көтеріліп отырған аса маңызды мәселелердің бірі - білім беру жүйесін жетілдіру, жастардың біліктілігін арттыру және сол арқылы олардың кәсіби дайындығын тереңдету болып табылады.
Бұл пікірді ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өткен кеңейтілген отырыста аталған академияның үштілділік бағдарламасының үйлестірушісі Эльмира Оразалиева білдірді.
«Соған орай, бүгінгі азаматтық қоғамды уақыт талабына сай дамыту міндетті түрде адамдық капитал, адами ресурстарға қатысты. Ал соның ішінде мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін қалай арттырамыз, олардың кәсіби дайындығына қалай назар аударамыз деген мәселелер туындап отыр», дейді ол.
Э.Оразалиеваның айтуынша, бұл мәселерді шешу Мемлекет басшысының Жолдауында атап өтілгендей, жаңа инновацияларды меңгеру, меңгерту арқылы жүзеге аспақ. Жолдауда айтылған тағы бір аса маңызды мәселе - отандық ғылыми жүйелермен қатар халықаралық деңгейде тәжірибе алмасу екендігін атап өткен ол «сондықтан, сырттан шетел сарапшыларын шақыру мәселесі айқындалып отыр», дейді.
«Барлық мемлекеттік қызметшілердің алдына қойылатын бірінші талап, бұл біздің Ар-намыс кодексімізде атап өтілгендей, Отан мүддесін қорғау қабілетін және отансүйгіштік қасиетін дамытумен қата, алға қойылған басты мақсаттардың бірі біздің мемлекетіміздің бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруіне атсалысу», деді өз сөзіне ол.