Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы өзінің стратегиялық бағыттылығымен ерекшеленеді - Жолдауға үнқату
АСТАНА. Ақпанның 6-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы өзінің стратегиялық бағыттылығымен ерекшеленеді. Бұл туралы бүгін Еуразия гуманитарлық университетінің студенттерімен Жолдауды талқылау барысында ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, профессор Қайырбек Мұқажанов айтты.
«Біз жылда Елбасының Жолдауын асыға күтеміз. Өйткені одан кез келген қазақстандық азамат өзіне керегін, қажеттісін табады», деді профессор өз сөзінде.
Оның айтуына қарағанда, бұған дейінгі Жолдаулардан тақау уақыттағы болашақ көрініс табатын болса, ал биылғыдан алдағы онжылдықтың нақты стратегиялық даму бағыттарын көруге болады.
«Жолдауда көтерілген мәселелер өте жоғары, ауқымды, бірақ бұрынғыларға қарағанда мұндағы айтылған нәрселердің барлығы сарапталған, екшеленген, елдің жағдайына бағытталған. Сондықтан олардың орындалатынына біз күмән келтірмейміз», деді Қ.Мұқажанов.