Мемлекет басшысының кез келген бұйрығын орындауға дайынбыз - генерал-майор Оспанов
ҚР Қарулы күштерінің 25 жылдық мерейтойына орай ҚазАқпарат тілшісімен сұхбаттасқан генерал-майор бүгінде еліміздің әскері техникалық және материалдық жағынан толықтай қамтамасыз етілгендігін баса айтты.
«Бас қолбасшы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үнемі қамқорлығының арқасында Қарулы күштеріміз толықтай қалыптасып, техникалық және материалдық жағынан өте жақcы қамтамасыз етілген. Біз Мемлекет басшысының кез келген бұйрығын орындауға дайынбыз. Әскерлеріміз өте жоғары жауынгерлік дайындықта, жақсы үйренген, отаншылдық рухтары да жоғары», - деді Дәулет Оспанов.
Генерал-майор Оспанов Дәулет Рысқұлбекұлы Рязан жоғары әскери қолбасшылық байланыс училищесін, 2000 жылы ҚР Қарулы күштері Әскери академиясын бітірген. 2015 жылдың қазан айында ҚР Президентінің Өкімімен «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы болып тағайындалған. 2-ші дәрежелі «Айбын» орденімен, мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Айта кетейік, Қазақстан Қарулы күштерінің 25 жылдық мерейтойына орай «ҚазАқпарат» ХАА еліміздің Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, оқырман назарына «25 Отан қорғаушы» атты арнайы жобаны ұсынады. Онда қазақстандық армиядағы қызметін күнделікті іс емес, борышым деп санайтын қазақстандық әскери қызметшілер жайында сөз қозғалады.