Мемлекет басшысының өкілеттігін ұзарту жөніндегі бастаманы шетелдік қандастарымыз да қолдауда – республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 6 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 6 қаңтар, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Мемлекет басшысының өкілеттігін ұзарту жөніндегі бастаманы шетелдік қандастарымыз да қолдауда – республикалық басылымдарға шолу

***

Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы референдум өткізу шетелдегі қандастарымыздың арасында да үлкен қызығушылық тудырып отыр. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде жарық көрген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаевтың «Шетел қазақтары да қолдайды» деген мақаласында айтылған. Автордың жазуынша, шетелдегі ағайындар еліміздің Тұңғыш Президентін шынайы жалпыұлттық Көшбасшы ретінде бағалайды. Соған орай, олар Қазақстанның бүгінгі қол жеткізген айтулы табыстарын Елбасының қайраткерлік ерен еңбегінің нәтижесі деп санайды. Соған байланысты алыстағы ағайындар Президентіміздің елімізді экономикалық-әлеуметтік жағынан дамыту жөнінде жүзеге асрып жатқан іс-шараларын, халықаралық сахнада жүргізіп отырған саясатын бірауыздан қолдайды.

8 қаңтар күні Шымкентте жартылай орта салмақтағы Дүниежүзілік бокс қауымдастығының (WBA) нұсқасы бойынша Әлем чемпионы Бейбіт Шүменов пен Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) нұсқасы бойынша Әлем чемпионы неміс былғары қолғап шебері Юрген Бремер арасындағы титул біріктіру жекпе-жегі өтуі керек болатын. «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, осы жекпе-жектің алдында жаһанға жар салып: "Шүменовтің қабырғасын қақыратамын, екі белдігін де өзі туған қаласында шешіп алып кетемін" - деген сабазың тамақтан уланып қалдым деп ешкімге хабар салмастан табанын жалтыратып үлгеріпті. «Жанкүйерлер аң-таң. Мұндайда іші ауырған адам тұра қашпай, дәрігер көмегіне жүгінеді. Жекпе-жектің өтпеу себебін Қазақстан Кәсіпқой бокс федерациясына, халықаралық тиісті орындарға білдіреді. "Мен бұрынды-соңды мұндай мықты формаға келген жоқпын, өзімді өте жақсы сезінемін, жекпе-жекке тас түйін дайынмын",- деген Юргеннің бұлайша құбылуында тағы бір сыр бар секілді. Қазақстандықтар жағы алдын ала анализ тапсыру туралы өтініш айтқанда Бреймердің бапкері Михаэль Тим оны құлағының сыртымен тыңдапты», - деп жазады басылым. Мақаланың толық нұсқасын оқығыңыз келсе газеттің бейсенбілік нөміріндегі «Қарсыласы қашып кетті» деген мақалаға назар салыңыз.

***

«Айқын» газетінің 6 желтоқсан күнгі нөмірінде саясаттанушы Ерлан Қариннен алынған сұхбат жарияланды. Сұхбат Елбасы Н.Назарбаевтың өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзартуға байланысты бастама төңірегінде өрбіген. «Түптің-түбінде сол сәт­тен бері ғұмырлық прези­дент, Ұлт көшбасшысы статусын бекітуден бастап, мер­зімі­нен бұрын сайлау өткізуге дейін әрқилы идеялар көте­ріл­ген еді. Мұндай әрқилы бас­тамалардың болуы қоғамда Нұрсұлтан Назарбаевтың мықты ұлттық көшбасшы ретінде қабылдануына тікелей байланысты, бұл арада аза­мат­тардың басым бөлігінің Елба­сын ары қарай да мемлекет басшылығында көргісі келетіні ұғынықты. Тек бар мәселе - бұл мақ­саттардың жүзеге асу ме­ханизмдері мен формаларына барып тіреледі. Сондықтан мен Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзартуға қатысты референдум өткізу бастамасы аяқастынан пайда болды деген оймен келіспеймін. Мұны ал­дын ала болжап-жорамалдау қиынға соқпас еді. Сондықтан да қазақстандықтардың Мем­лекет басшысына деген жо­ғары сенім деңгейінің ерекше бір электоральдық қолдау формасына айналатыны анық еді. Референдум мәселесі де, бәлкім, Назарбаевтың Ұлттық көшбасшы статусымен үндес шығар. Дәлірек айтсақ, біздің Көшбасшымыз бар, алдымызда экономиканы модернизация­лау талабы тұр, ал референдум жаңа президенттік стратегия­ны жалпыхалықтық деңгейде қолдау үшін өте тиімді саяси плат­форма болып табылады», - деп атап көрсеткен сұхбатында Е. Қарин. Сұхбаттың толық нұсқасын басылымның бейсенбілік санындағы «Референдумды идея ретінде талқыға салуға оппозицияның өзі түрткі болды» деген мақаладан оқи аласыздар.

Сондай-ақ осы басылымда «Гагаринге дейін де бірнеше адам ғарышқа ұшқан ба?» деген тақырыппен қызықты мақала жарық көрді. «Айқын» газетінің атап өтуінше, өткен ғасырдың 90-жылы, Берлин қабырғасы құлағаннан кейін үш ай өткенде, батыстық БАҚ сенсациялық жаңалық таратыпты. Онда бұрынғы ГДР тұрғыны, ендігі ФРГ азаматы болған бір неміс соғыс кезінде люфтвафта қызмет етіп жүріп, 1943 жылы-ақ ғарышқа ракета арқылы көтерілгенін жариялайды. Сол-ақ екен, оны психатриялық ауруханаға жатқызып, ұзақ уақыт босатпайды. Ең қызығы, көп ұзамай Үшінші рейх экипажының Жерді айнала ұшқаны мен немістердің соғыс қайнап жатқанда Айға қонғаны турасында жарияланым пайда болды. Ал 1990 жылы 2 сәуірде америкалық «Джорнал» басылымы Жерге үш неміс ғарышкерінің... 47 жылдан кейін оралғанын жариялады. НАСА сарапшыларының дерегіне сілтеме жасаған әлгі америкалық басылым үш неміс ғарышкерінің жарты ғасырға жуық уақыт ішінде ешқандай қартаймағанын хабарлапты.

***

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің православиелік христиандарын және барша қазақстандық­тар­ды жарқын мейрам - Рождество мерекесімен құттықтады. Құттықтау мәтіні «Казахстанская правда» және «Егемен Қазақстан» газеттерінің бейсенбілік нөмірінде жарияланып отыр. «Рождество - ізгі үміттер мен жақсылықтардың мерекесі. Ол адамдарды игі істер жасауға, құдайдың өсиетімен бейбітшілік пен келісімде өмір сүруге ұмтылуда бастарын біріктіреді. Осы мәңгілік құндылықтар, әсіресе, түрлі сенімдегі және эт­ностағы адамдар достық ауа­нын­да өмір сүретін Қазақстанда ерекше құрметтеледі. Біздің бірлігіміз бен ынты­ма­ғы­мыздың арқасында Қазақстан ырғақты дамуын жалғастыруда. Еліміздің халықаралық арена­дағы беделі нығая түсуде. Қазақстан Ұйымға мүше елдер мемлекет және үкімет бас­шы­ларының тарихи мәнге ие Астана Саммиті заңды қоры­тын­ды­сы болған ЕҚЫҰ-дағы төраға­лы­ғын табысты жүзеге асырды. Өткен жыл Қазақстандағы Орыс Православие шіркеуі үшін есте қа­лар­лық оқиғамен ерекшеленді. Астанада Мәскеу және Бүкіл Ресей Пат­риархы Кирилл болып қайтты. Ол елордада Ор­талық Азиядағы аса ірі Успен кафедралды соборын сәуле­лен­дірді. Бұл сапар біздің еліміздегі православие және ислам қауымы ара­сындағы ізгілікті қарым-қаты­нас­ты нығайтуда ма­ңызды қадам болды. Рождество жарқын мерекесінде ізгілікті істері мен ой-ниеттері Отанымыздың дамуы мен өркен­деуіне үлес қосып келе жатқан республиканың барлық православие азаматтарына ризашылық сөзімді айтқым келеді», - делінген Елбасы құттықтауында.