13:57, 22 Ақпан 2018 | GMT +5
Мемлекет басшысының сыны орынды - Данияр Ақышев
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев Мемлекет басшысының қаржы институтының жұмысына қатысты айтқан сын-пікірі туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Данияр Ақышев Елбасының сыны өте орынды екенін айтты.
«Ұлттық банк 2008-2009 жылдардан бері қордаланған мәселелерді шешуде қаржылық реттеуші ретінде кешігіп қалғаны рас. Статистика көрсеткендей, нашар кредиттер портфелінің 90 пайызы 2006 жылдан бастап берілген. Яғни, несие ресурстарын дұрыс басқармаған банктердің жұмысы бірнеше жыл бойы қордалана келе жақында ғана жария болды», - деді Ұлттық банк басшысы.
Ақышев бұл түйткілді мәселелер енді қайталанбайтынын айтты.
«Дағдарыс қайталанбас үшін Ұлттық банк банктердің жағдайы нашарлаған кезде превентивті әрекет ету құралдарын жетілдірмек. Біз Ұлттық банктің бақылау функцияларын күшейтетін заң жобасын жасадық. Бұл заңды қазір жан-жақты талқылап жатырмыз», - деді Ақышев.