Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында «Ғылым туралы» заңның жаңа редакциясы әзірленген
АСТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат - Үкімет «Ғылым туралы» заң жобасын Мәжілістің қарауына ұсынды. Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазіргі уақытта «Ғылым туралы» және «Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстанның заңдары мемлекеттік ғылыми-техникалық және инновациялық саясаттың негіздерін реттейтін заңнамалық актілер болып табылады. Ғылымға байланысты құқықтық қатынастар еліміздің Азаматтық, Бюджет, Еңбек және Салық кодекстерінде, Қазақстанның «Мемлекеттік сатып алу туралы» және «Білім туралы» заңдарында көрсетілген, олардың нормаларында ғылыми-техникалық саланың ерекшелігі ескеріледі.
«Ғылым туралы» заңның жаңа редакциясын әзірлеу ІІарламенттің төртінші шақырылымының 2009 жылғы қыркүйектің 1-індегі III сессиясының ашылуында және 2009 жылғы қыркүйектің 4-індегі ғылым мәселелері бойынша өткен кеңесте Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау қажеттілігіне негізделеді. Олар ғылымды басқару және ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті ұйымдастыру принциптерін жетілдіру қажеттілігімен түсіндіріледі.
Жаңа «Ғылым туралы» заң жобасының нормалары ғылым саласын одан әрі дамытуға бағытталған актіні білдіреді әрі оның ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің барлық субъектілерінің тең құқылылығы принциптері сақталатын негіздемелік сипаты бар.
Осы заң жобасында ел дамуының экономикалық басымдықтарына сәйкес ғылым жөніндегі ұлттық басымдықтарды айқындайтын және ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру жөнінде ұсыныстар қалыптастыратын стратегиялық орган ретінде Үкіметтің жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның рөлін заңнамалық тұрғыда күшейту көзделген.
Сондай-ақ ұлттық ғылыми инновациялық жүйені дамытуды экономикалық ынталандыру, ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту шараларын қабылдау қарастырылуда.
Грантпен және бағдарламалық нысаналы қаржыландыру шеңберінде ғалымдарға қосымша жалақы алу мүмкіндігін беру арқылы жалақыны көтеру жолымен ғылыми қызметтің беделін және тартымдыдығын көтеруге бағытталған нормаларды заңнамалық бекіту қажет.
Ғылымды басқару және қаржыландыру принциптерінің өзгеруіне байланысты ғылым саласындағы уәкілетті органның және тиісті салалардағы уәкілетті органдардың құзыретіне түзету жүргізу керек.
Заң жобасын іске асыру трансферт, елді дамытудың басым бағыттары бойынша жаңа білімді құру және тарату арқылы Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін көтеруге ықпал ететін ұлттық инновациялық жүйені құруға ықпал етеді.