Мемлекет басшысының Жолдауы негізінен экономиканы тұрақты дамытуға бағытталған – Сенат депутаты
;АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Елбасы Жолдауы негізінен бүгінгі экономиканы тұрақты дамытуға бағытталған. Бұны бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысынан соң Мемлекет басшысының Жолдауына қатысты бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне берген сұхбатында сенатор Ақан Бижанов айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, Жолдауда Президент атап көрсеткен индустрияландыру, агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен оның экспорттық әлеуетін арттыру, әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында көтерген міндеттер болашағынан зор үміт күттіретін шаралар. «Сонымен қатар Елбасының биылғы Жолдауының әлеуметтік бағыттарының болашағы да зор деп ойлаймын. Президенттің осы бағыттағы айтқан сөздерін мысалға келтіретін болсақ, 2020 жылы елдегі бүлдіршіндердің барлығы 100 пайыз мектепке дейінгі білім берумен қамтылады. Денсаулық сақтау саласында да елеулі өзгерістер болғалы тұр. Президент сөзінде тұрғындардың өмір сүру деңгейі мен азаматтарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға да үлкен көңіл бөліп отыр. Осының барлығы да еліміздің тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған кешенді шаралар», деді Сенат депутаты.