Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген мәселелер біздің партиямыздың мақсатымен үндеседі - Ж.Ахметбеков
АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында экономиканың ең басты салалары мемлекеттің меншігінде болуы қажеттігін айтты.
Бұл біздің партиямыздың бағдарламасында бар және алдымызға қойған басты міндеттеріміздің бірі болатын. Сол үшін мен бүгінгі жиында қол соқтым»,-дейді Мәжіліске Қазақстанның Коммунистік халық партиясы атынан сайланған депутат Жамбыл Ахметбеков, Парламент палаталарының бірлескен отырысынан соң журналистерге берген сұхбатында.
Оның сөзінше, Елбасы өз Жолдауында «Богатырь» компаниясы мен «Қазақмыс» корпорациясы сияқты ірі мекемелердің активтерінің мол мөлшерде мемлекеттің меншігіне қайтарылғандығын және бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғаса беретіндігін айтты.
«Мен бұл бастаманы қос қолдап қолдаймын. Біздің бағыт-бағдарамыз да елдегі бүкіл компанияларды ұлттандыру және одан түскен пайданы әлеуметтік салаға жұмсау, халықтың игілігіне жарату болатын»,-деді Мәжіліс депутаты.