Мемлекет басшысының Жолдауында жаһандық дағдарыстың салдарын еңсерудің барлық қадамдары нақты көрсетілген
АҚТӨБЕ. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - «Мемлекет басшысының Жолдауында «Дағдарыстан шығу кілті» мақаласындағы секілді жаһандық дағдарысқа түбегейлі талдау жасап қана қоймай, оның салдарын еңсерудің де барлық қадамдары нақты көрсетілген», - деп есептейді «Батыс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқармасының төрағасы Андар Шоқпытов,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Батыс» ӘКК» аймақтық даму институты ретінде, батыс облыстардағы атқарылар міндеттерді жақсы көріп-біліп отыр. Айтатын болсақ, ӘКҚ жақын арада екі нысанды іске қосқалы отыр, олар ? Ақтөбе қаласындағы көкөніс сақтайтын ірі көтерме кешені және Алға қаласындағы құрылыс өнімдерін шығаратын кәсіпорын. Осы әлеуметтік маңызы ерекше нысандарда 300 жаңа жұмыс орындары ашылмақ, осы арқылы елді мекен тұрғындарының күнкөріс деңгейін көтерудің мүмкіндіктері шешіледі», - дейді ол.Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына қарай әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация жаңа өндіріс орындарын ашып, ауыл тұрмысын жақсарту және жаңа жұмыс орындарын ашуды көздейді. «Батыс» ӘКК жүзеге асырғалы отырған жүйелі шаралар Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасының бір бөлігі саналады. Мақсатты шара халықты дағдарыстан шығару үшін жүзеге асырылуда.Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация инвесторлармен бірлесе отырып, бірқатар жобаларды жүзеге асырмақ. Олар: Оралда өсімдік майын шығаратын зауыт құрылысын салу, Батыс Қазақстан облысында және Ақтөбе облысында жылу-электр стансысы (ГЖЭС) құрылысын бастау және т.б. ӘКК алдағы сәуірде дәрі-дәрмек шығаратын өндірісті іске қоспақ, сондай-ақ, ішкі қажеттілікті қамтамасыз ету үшін көктемде картоп салу, дайындау және сақтау жұмыстары жалғастырыла береді.