Мемлекет бұқара ынтасын арттыру үшін спортшының әлеуметтік жағдайын көтере түспек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы уақытта Қазақстанда бұқаралық спортқа ерекше көңіл бөлініп келеді. Елбасының өзі Жолдауда халқымыздың кемінде 30 пайызы бұқаралық спортпен шұғылдануы тиістігін айтқан болатын. Кәсіпқой спортшылар мәселесі де назардан шет қалған емес.
Осыған орай, дүркін-дүркін шаралар атқарылуда. Ең бастысы, бұқараның саулығы үшін спортты насихаттау, кешендердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, аула спортын өркендетуде ілгерілеушілік жоқ емес. Ал ондай сүбелі шаралардың бастауында саланы заңнамалық қамтамасыз ету мәселесі тұрғаны айқын. Сондықтан да, бүгін Парламент «Дене шынықтыру және спорт туралы» жаңа редакциядағы ҚР Заңын қабылдап отыр.
«Біз халықаралық тәжірибелерді зерделедік, әсіресе бұқаралық спортты дамытудағы негізгі қағидаттар мен ұсынымдар белгіленген Халықаралық дене тәрбиесі және спорт хартиясын, Еуропаның спорт хартиясын, сонымен қатар, Спорт және жергілікті басқару атты еуропалық конференция декларациясын зерделеуге ерекше мән бердік», - дейді ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев. Оның сөзіне қарағанда, жалпы құжат негізінен қазіргі заманғы үрдістерді, спорт саласына қойылатын талаптарды ескере отырып, ұлттық заңнаманы жетілдіруді көздейді.
Сонымен Парламент қабылдаған заңнама қандай жаңашылдықтарды қамтиды? Осыған келсек, ең біріншіден, құжаттың негiзгi мақсаты - дене шынықтыру мен спорт саласының тұрақты жүйесiн және осы салада тиiмдi мемлекеттiк басқаруды құруды қарастыру. Бұл ретте, заң жобасында дене шынықтыру мен спорт саласындағы уәкілеттi органның құзыретi кеңінен нақтыланады. «Ең алдымен Үкіметтің құзыреті толықтырылды. Атап айтқанда, біріншіден, дене шынықтыру және спорт саласында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу, спорттық іс-шараларды материалдық қамтамасыз ету нормативтерін бекіту кезінде тұлғалар аясын, барлық санаттағы әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының мемлекеттік арнайы органдарының қызметкерлерін де қатыстыру көзделеді», - дейді Тастанбек Есентаев. Оның айтуынша, халықаралық жарыстың чемпиондары мен жүлдегерлеріне, спорт түрлері бойынша құрама команда жаттықтырушылары мен мүшелеріне қаржылай сыйақы төлеу қағидалары мен оның тізбесі бекітіледі. Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойына ай сайынғы материалдық қамтамасыз ету төлемдері бекітіледі.
Бұдан бөлек, мемлекеттiк және қоғамдық институттардың өзара бiрлескен iс-қимылдарын, допингтiк құралдарды пайдалануға қарсы әрекет және дене шынықтыру мен спорттық iс-шараларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбiн жүйелендiру бойынша құқықтық тетiктердi белгiлеу қарастырылады. Спорттағы допинг мәселесі халықаралық нормаларға сай реттеледі. Спорт федерацияларын аккредитациялау институты енгiзiліп, материалдық көмекті алу құқығы бар адамдардың - Паралимпиадалық және Сурдлимпиадалық ойындардың чемпионы атанған мүгедек спортшылардың тiзiмi кеңейтiлдi. Сонымен қатар, жаңа заң спортшыларға ҚР Мемлекеттiк Әнұранын бiлудi мiндеттейді.
Әуесқой, сол секілді кәсіпқой спорт ретіндегі спорт федерациясының құқықтары мен міндеттері бекітіледі, оларды аккредитациялаудың жаңа талаптары енгізілді. «Бұл рәсім республикалық және жергілікті деңгейде деп анықталды. Осы ретте олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерінің, сонымен қатар, ұлттық спорт түрлерінің ерекшеліктеріне қарай федерацияларға қойылатын талаптар айқындалды.
Аккредитацияланған спорт федерацияларының қызметі регламенттеледі. Бұған қоса, құжат спорттық медицина саласын тиімді дамытуға, реттеуге мүмкіндік туғызады. Спорттық федерациялардың жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді», - дейді агенттік басшысы Т. Есентаев.
Сонымен бірге, агенттік төрағасының сөзіне қарағанда, спорттың паралимпиадалық және сурдлимпиадалық түрлері бойынша спорт жарыстарында тең жағдай жасау үшін олардың функционалдық мүмкіндіктерінің деңгейі ретінде мүгедек спортшылардың сыныптамасы енгізіледі. Бұдан бөлек, мүгедек спортшыларды жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ынталандыру шаралары да жан-жақты қарастырылады. Соның ішінде Паралимпиадалық және Сурдлимпиялық ойындарының чемпиондары мен олардың жаттықтырушылары өмір бойы ай сайынғы материалдық қамтамасыз етуге құқығы бар тұлғалар тізбесіне енгізілетін болады. Сонымен қатар, Паралимпиадалық және Сурдлимпиялық ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері тұрғын үй алуға құқығы бар Олимпиадалық ойындардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне теңестіріледі.
Жаңа редакциядағы «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңында жалпы бiлiм беретiн мектептерде мамандандырылған спорт сыныптары мен топтарын құру туралы норма да енгізілген.. Агенттік басшысының айтуынша, мұндай тереңдетiлген оқу-жаттығу үдерісiне негiзделген сыныптар мен топтарда оқушылар спорттық шеберлiгiн шыңдайтын болады. «Сонымен қатар, заң нормасында студенттер мен мектеп лигаларын дамыту мақсатында бiлiм беру ұйымдарына спорт клубтары мен федерациялар құру құқығы беріледі. Әскери қызметшiлер мен құқық қорғау органдарының және арнайы мемлекеттiк органдардың қызметкерлерi арасында спортты одан әрi дамыту үшiн олардың даярлығын көздейтiн және аталған тұлғаларды тиiстi нормативтермен қамтамасыз ету, командалар қалыптастыру тәртiбiн көздейтiн нормалар да қамтылған», - дейді Тастанбек Есентаев.
Құжаттағы тағы бір жаңалық, мүгедектер спортының ерекшелiктерiн ескере отырып, тиiстi қоғамдық бiрлестiктердiң спорт түрлерi бойынша бағдарламаларын әзiрлеу қарастырылады. Сондай-ақ, азаматтардың барлық санаттары арасындағы теңдей құқықты қамтамасыз ету мақсатында түзеу мекемелерiндегi дене шынықтыру мен спорт туралы арнайы бап енгiзiлген.
«Спорт резервi туралы тарау толығымен жаңадан жазылды. Спортшылардың құқықтары мен мiндеттерi белгiлендi. Спорт ұйымдарында спортшылардың жасын регламенттеуге мүмкiндiк беретiн нормалар енгiзiлдi. Бұдан бөлек, спортшыларды тiркеу мәселесi де қарастырылып отыр. Бұл өз кезегiнде спортшыларды ғана емес, олардың жаттықтырушыларын да есепке алуға мүмкiндiк бередi. Спортшылардың оқу-жаттығу сабақтарынан бастап жоғарғы спорттық нәтижеге қол жеткiзгенге дейiнгi жолын бақылауға жағдай туғызады», - дейді агенттік басшысы Т. Есентаев.
Айта кетерлігі, құжатта ұлттық спорт туралы бап жеке шығарылып жазылған. Онда ұлттық спорттың өзіндік ерекшеліктері есепке алына отырып, оларды олимпиадалық спорт түрлерімен тең дәрежеде дамыту қарастырылған.
Парламент қабылдаған жаңа редакциядағы заң бұқаралық спортқа серпін беріп қана қоймай, ел абыройын асыратын азаматтарға үміт сыйламақ.