Мемлекет экспорттаушыларды қолдайды

Ол ел экономикасын тұрақтандыру үшін Қазақстан Үкіметі дағдарысқа қарсы бірқатар жедел іс-шараларды жүзеге асыратынын жеткізді. «Мұнай-газ секторындағы шикізат өндіру деңгейін төмендетуге жол бермеу мақсатында біз еліміздегі барлық 57 мұнай, газ өндіретін компанияларға терең талдау жүргіздік. Соның нәтижесінде 39 табысы төмен компанияларды іріктеп алдық. Ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап бұл компанияларға салық төлеуде жеңілдік беріледі, атап айтқанда, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық мөлшері төмендетіледі. Мұндай жеңілдік аталған компаниялар тобына салынатын фискалдық жүктемені 8 пайызға азайтуға мүмкіндік береді, ақшамен есептегенде бұл 46 млрд. теңгені құрайды»,- деп хабарлады Б. Сағынтаев.
Ел Үкіметінің мұнайгаз өндірушілерді қолдау мақсатында шығарған шешімінің бірі - мұнай-газ өндіретін компанияларға ілеспе газды қосымша жағуға рұқсат беруі. Мұндай қадам мұнайшыларға мұнай өндіру көлемін 480 мың тоннаға дейін ұлғайтуға жол ашады, ал бұдан мемлекет бюджетіне 19 млрд. теңге түсім түседі. Сонымен қатар, ел Үкіметі кен-металлургиялық сектор мен химия өнеркәсібін қолдау үшін, электр қуаты мен магистралдық теміржол желілерінің қызметіне төленетін тарифті төмендету жолдарын қарастыруда. Осыған орай, іріктеп алынған 90 компания бойынша тариф төмендету шаралары Үкіметтің экономикалық блогының жұмыс тобында қарастырылады.
«Бұл жерде негізінен, қара металлургия мен химия өнеркәсібі компанияларына назар аударылады. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін осы сектордағы компанияларға салықтық жеңілдіктер береміз. Алайда, сонымен қатар осы компанияларға өндіріс көлемі мен жұмыс орындарын сақтауға қатаң талап қойылады»,- деп хабарлады Премьер-Министрдің бірінші орынбасары. Отандық металлургиялық және алтын өнеркәсібімен айналысатын компанияларды шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында 2015 жылдың 1 қыркүйегінен бастап елміздің аумағынан қара металдар мен құрамында алтыны бар металдарды тасымалдауға тыйым салынады.
Дағдарысқа қарсы іс-шаралар ең алдымен, экспортқа тауар шығаратын өңдеу өнеркәсібіндегі компанияларға жағымды әсер еткені белгілі. 2015 жылдың басында бұл мақсатқа ел Үкіметі 35 млрд. теңге бөлді. Осы қаражатты игерген компаниялар қазіргі кезде ТМД-ның барлық мемлекеттерінің (Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан және т.б.) нарығына кондитерлік өнімдер, тепловоздар және т.б. тауарларды шығара бастады. - Қазақстандық өнімдерге деген сұранысты ескере отырып, біз қазір экспортты қолдауға қосымша қаражат бөлеміз, сөйтіп, бұл саланы ынталандыру көлемі 50 млрд. теңгеге жетеді. Жалпы айтқанда, біз биылғы жылдың соңына дейін экспорттаушы компанияларға 186 млрд. теңгеге жуық ақша бөлеміз,- деді Б. Сағынтаев. Қорыта айтқанда, мұндай қолдау отандық экспортаушы компаниялардың еңсесін көтерді. Олардың кейбіреуі жылдың соңына дейін өндіріс көлемін ұлғайтуды ойластыруда. Ең бастысы, жұмыс орындары сақталып қалады.
Әмірлан Әлімжан