«Мемлекет ешкімді тағдыр тәлкегіне тастамайды» - БАҚ-қа шолу
***
«Себепсіз салдар болмайды демекші, бұл мақаланы жазуымызға интернет желісінде Алматы облыстық ІІД жариялаған мына бір оқиға себеп болды. Ағымдағы жылдың 30 наурыз күні Шонжы - Ақсу күрежолында «Toyoto Camry» және «Mazda» автокөліктері соғылып, қос көліктің де жүргізушілері оқиға орнында көз жұмды. Шонжы ауылына жеткізілген алты жолаушының біреуі ауыр жағдайда жатыр. Болжамға сүйенсек, өте қатты жылдамдықта келе жатқан «Toyoto Camry» автокөлігінің жүргізушісі көлік рөліне ие бола алмай қалған... Жалпы алғанда, соңғы жылдары Алматы облысы аумағындағы жолдарда мұндай қайғылы деректер неге көп? Статистикалық мәлімет бойынша жол-көлік соқтығысы бойынша республикамызда Алматы облысы үшінші орында болса, соның салдарынан мерт болған адамдар саны да жылдан-жылға өсіп, екінші орынға көтерілгені өз алдына. Республикамыздағыдай жетісулық «ала таяқтылар» да ауылдар іргесін басып өтетін күрежолдардың қалтарыстарында тығыла тұрып, жүргізушілер құжатын тексеріп, қандай да бір кінәрат тауып, бармақ басты, көз қыстыдан танар емес. Сөйтіп тұрғанда, дәл қасынан құйғытып өткен көлік сұлбасын байқай қойып, көрмеген кейіп таныта сырт айналу да әдетке енген. Осы кезде дәл осы тұста айта кетсек жол полицейі құжатын тексеру үшін тоқтатқан көліктердің бірінің жүргізушісін, иә болмаса сол көліктен түскен жандардың бірін жол полициясы қызметкеріне пысқырып та қарамай ызғытып өте шығатын көліктердің бірі қағып кетсе не болады?»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы «Ала таяқтылар» алаңдатады» деген мақалада.
Осы басылымның жазуынша, қазір екінің бірінің аузында мемлекеттің зейнетақы жүйесін жаңғырту туралы әңгіме жүр. Әйелдердің зейнет жасын ерлермен теңестіріп, 63-ке дейін ұлғайту туралы жоба өмірдің әр саласында еңбек етіп жүрген әйелдерді ойландырып тастағаны рас. Жақында зейнетақы жүйесін жаңғыртуға байланысты облыста өткен мәжіліс осы сұрақтардың біразына жауап бергендей болды. Оған аудан, қала әкімдерімен қатар, еңбек ұжымдарының жетекшілері, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысты. Бұл мақала «Мемлекет ешкімді тағдыр тәлкегіне тастамайды» деген тақырыппен жарияланып отыр.
***
«Айқын» газеті экс-депутат, әнші, қоғам қайраткері Бекболат Тілеуханмен арадағы сұхбатты жариялап отыр. «Қазір қайда жүрсіз?», деген сауалға Б. Тілеухан: «Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Қайрат Сатыбалдының қолқалауымен осы ұйымда бірінші орынбасары әрі президенттің міндетін атқарушы болып жұмыс істеп жатырмын. Бұл жерде үлкен жұмыс бар. Аты бар, заты жоқ қоғамдық ұйым емес»,-дейді. Бұл жайында толығырақ «Шенеуніктерге шешендік өнерді үйретіп жүрмін» атты сұхбатта жазылған.
Осы басылымда «Ақтауда - үшінші үшем» деген тақырыппен материал берілген. «Облыстық перинаталдық орталықта бұған дейін, наурыз айында екі жас ана үшемдерді дүниеге әкеліп, елді қауантқан еді. Араға көп салмай Ақтаудың тағы бір келіні үш ұлды өмірге әкелді»,-деп жазады «Айқын».
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Екі елдің көшбасшылары Мәскеуде 2012 жылғы желтоқсанда өткен жоғары деңгейдегі кездесулердің қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру аясында еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістерді одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.Тараптар Бішкекте өтетін ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ның алдағы саммиттерінің, сондай-ақ 2013 жылы мамырда Астанада өтеді деп жоспарланған Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының күн тәртібінің негізгі тармақтарын қарастырды.