Мемлекет қандай жағдайда шетелде емдеу шығынын өтеп береді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры еліміз азаматтары қандай жағдайда шетелде емделу құқығына ие болатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстанда қолданылмайтын жоғары технологиялы емдеу әдістерін талап ететін сырқат кезінде науқасты арнайы комиссия шетелдік медициналық ұйымдарға жіберуі мүмкін. Бұл мәселе «Қазақстан Республикасы азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелде емдеу үшін бағыттау ережелерін бекіту туралы» №554 бұйрықпен реттеледі», - делінген қордың баспасөз қызметінің хабарламасында.
Басым жағдайда шетелдік емханаларда емделуге келесі санаттағы азаматтар жіберіледі:
- орган трансплантациясын жүргізуге мұқтаж пациенттер;
- аяғы ауыр әйелдер;
- балалар;
- міндетін атқару кезінде ауыр жарақат алған әскери қызметкерлер мен құқыққорғау органдарының қызметкерлері;
Балалар мен күтімге мұқтаж адамдар шетелдік емханаларға күтіп бағатын адамымен бірге барады.
Көліктік шығындар бюджет есебінен өтеледі.
Қазақстан азаматтары бюджет қаражаты есебінен емделуге бағытталатын аурулардың түрлері:
- радиохирургиялық емдеу әдісін талап ететін артериовенозды мальформациялар немесе ісіктер (гамма-пышақ);
- эндоваскулярлы ем жасау үшін бас миы бағанасы тамырларының және жұлын миы тамырларының артериовенозды мальформациясы, сондай-ақ артериалды аневризм кезінде;
- бас сүйектегі ісікті трансоральды әдіспен алып тастау;
- радиохирургиялық емдеу әдісін талап ететін қатерлі көз аурулары (гамма-пышақ, радиоактивті аппликаторлар);
- кератопротездеу;
- жүрек, бүйрек, бауыр, өкпе, жілік майын трансплантациялауды талап ететін аурулар кезінде;
- көмей стенозы;
- кеңірдек стенозы.
Шетелде емделуге өтінім беру үшін келесі құжаттарды тапсыру қажет:
- жеке куәліктің көшірмесі;
- пациентті шетелдік медициналық ұйымға жолдау керектігі туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының өтініш хаты;
- зерттеу нәтижелері жазылған науқастың ауру тарихынан көшірме;
- шетелде емдеу қажеттігі туралы медициналық қорытынды.
«Шешімді Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы комиссиясы қабылдайды. Оның құрамына министрліктің, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері мен дәрігерлер кіреді. Бұл ретте, мемлекеттік бюджет шетелдік медициналық ұйымға өздігімен жүгінгендердің шығынын өтемейді», - деп ескертеді қордан.