Мемлекет қаржысына салынатын нысандарға отандық шыныны қолдануды талап ету қажет – Мәжіліс депутаты

АСТАНА. KAZINORM – Мемлекет қаржысына салынатын нысандарға отандық шыныны қолдануды талап ету қажет. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мұрат Ергешбаев айтты.

құрылыс
Фото: Kazinform

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Америка, Еуропа, Азияның дамыған мемлекеттерін аралап, дүниежүзіне танымал кәсіпорын басшыларымен кездесіп, оларды елімізге жұмыс істеуге шақырып, үлкен қызмет атқаруда. Осындай жұмыстың нәтижесінде елімізде болмаған озық жабдықтармен жабдықталған шыны өндірісі пайда болды. Қаңтар айындағы сайлаушылармен кездесу барысында Қызылорда облысында орналасқан «Orda Glass Ltd» кәсіпорнының жұмысымен таныстым. «Orda Glass Ltd» кәсіпорны – еліміздегі жалғыз шыны зауыты. Жобаға инвесторлардың жеке қаражаты есебінен 46 млрд теңге құйылған. 373 адамды жұмыспен қамтып отыр. Зауыт іске қосылғаннан бері 173 мың тонна өнім шығарып, оның 70 пайызы ішкі нарыққа сатылса, 30 пайызы көрші елдерге экспортталған», - деді Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған Мұрат Ергешбаев.

Дегенмен, оның атап өтуінше, қазіргі таңда елімізге шетелден келетін шыны көбейді. Себебі өзге елдердің үкіметтері отандық тауар өндірушілерге қолдаудың әр алуан механизмін жасап отыр. Мысалы, қосымша құн салығын қайтарып беру, газ бағасын арнайы тарифпен төмендету сынды шаралар қолданады. Осындай мемлекеттердің отандық өндірушіні қорғау әрекеттері арқасында импортталатын шыны бағасы төмен.

«Жоғарыда аталғандар негізінде жобаның еліміз үшін маңыздылығын ескеру қажет. Отандық тауар өндірушілерге қолдау жасап, төмен бағамен келіп жатқан өнімдерге зерттеу жүргізу керек. Мемлекет бюджетінен салынып жатқан құрылыс объектілеріне отындық шыныны пайдалануды талап ету арқылы өзіміздің отандық өндірушіні қолдауды сұраймыз», - деді депутат.