Мемлекет қаржысын жымқырған қызылордалық есепші сотталды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қалалық білім бөлімінің бұрынғы есепшісіне қатысты қылмыстық іске нүкте қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қызылорда қалалық соты мемлекетке алты жарым миллион теңгеден астам залал келтірген қаржыгерге жалпы 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда рақымшылық заңына сәйкес ол темір тордың арғы жағына үш жарым жылға тоғытылмақ.
«Сотталушының кәмелетке толмаған балалары бар. Сол себепті экс-бухгалтер олардың жасы 14-ке толғаннан кейін қамауға алынады. Сондай-ақ ол өмір бойына бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылып отыр», - деп мәлімдеді Қызылорда қалалық сотының баспасөз қызметі.
Сот процесі кезінде бұрынғы есепші өз кінәсін толықтай мойындаған. Оның 2015-2016 жылдары мемлекет қаржысын жымқырғаны дәлелденген. Қазіргі таңда сотталған маман келтірілген шығынның 2 миллион теңгесін өтеген. Соттың талабы бойынша, ол қаржының қалған бөлігін бір айдың ішінде бюджетке қайтаруы тиіс. Осы уақыт ішінде бұл міндет орындалмаса, мәжбүрлі түрде өндіру жүргізіледі.
Айнұр Төлешова